Басты бет Басты Скриниңнен қалай өтуге болады? Түсіндіреміз

Скриниңнен қалай өтуге болады? Түсіндіреміз

Дәрігер, медицина, аурухана
Иллюстрация: Dribbble.com/©Kit8
Денсаулық сақтау министрлігі скриниң туралы маңызды ақпарат ұсынды. Скриниңнен қашан және қалай өтуге болады? Скриниңге жазылу үшін не істеу керек? Бұл арқылы қандай аурулар анықталады? Материалда осындай сұрақтарға жауап береміз.

1. Скриниң деген не?

Скриниң – аурудың алғашқы белгілері байқалмай тұрып, денсаулықты алдын ала қарау. Адам өзін жақсы сезінгенімен, ағзасындағы кейбір алаңдайтын белгілерді байқамауы немесе оған мән бермеуі мүмкін.

Мұндайда скриниң аурудың бастапқы кезеңін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл адамға өмір салтын дер кезінде өзгертуге, қажет болса ертерек емделуге жол ашады.

Скриниң аурудың асқынуына жол бермей, мүгедектікке немесе өлімге әкелуі мүмкін ауыр зардаптың алдын алуға көмектеседі.

2. Скриниңнен қайда өтуге болады?

Скриниңнен өту тәртібі мен көлемі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс арқылы реттеледі. Бұл кодекстің 80-бабының 3-тармағы бойынша, Қазақстан азаматтары профилактикалық медициналық қарап-тексерулер мен скриниңдік зерттеулерден міндетті түрде өтуге тиіс.

Тіпті ешқандай шағым немесе белгі болмаған күннің өзінде скриниңнен өту – ден сау екеніне сенімді болу жолы.

Скриниңнен тіркелген емханаңызда өте аласыз. Жеке куәлік болса болды.

3. Бұл ақылы ма?

Халық кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеттері шеңберінде, скриниңнен тегін өтеді.

4. Скриниң арқылы қандай аурулар анықталады?

Скриниң арқылы мына ауруларды ерте анықтауға және алдын алуға болады:

- жүрек-қан тамырлары жүйесінің аурулары (артериялық гипертония, ишемиялық жүрек ауруы);
- қант диабеті;
- глаукома;
- сүт безі қатерлі ісігі;
- жатыр мойны қатерлі ісігі;
- тоқ ішек және тік ішек қатерлі ісігі (колоректалды обыр);
- В және С вирустық гепатиттері;
- ми қан айналымының бұзылыстары.

Бұрын онкоскриниңнен тек медициналық сақтандыруы бар адамдар өте алатын. 2025 жылдан бастап олар ТМККК (тегін медициналық көмек көлемі) пакетіне енді. Демек, онкоскриниңнен барлық азамат өте алады.

5. Скриниңнен қай жастағы азаматтар өтуі керек?

Скриниң жасқа қарай былай жүреді:

  • артериялық гипертония және ишемиялық жүрек ауруы – 40–76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер;
  • қант диабеті – 40–76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер;
  • глаукома – 40–76 жас аралығындағы азаматтар;
  • сүт безі қатерлі ісігі – 40–76 жастағы әйелдер;
  • жатыр мойны қатерлі ісігі – 30–74 жастағы әйелдер;
  • колоректалды қатерлі ісік – 50–76 жастағы ерлер мен әйелдер;
  • ми қан айналымының бұзылыстары – 50–76 жастағы ер адамдар;
  • және В және С вирустық гепатиттер скриниңінен мына топтағы азаматтар өтеді:

- медицина қызметкерлері;
- жоспарлы және шұғыл операция алдында жатқан науқастар;
- гемодиализ, гематология, онкология, трансплантология орталықтары мен бөлімшелерінде емделіп жатқандар;
- қан құю, трансплантация (ағза, тін, жасуша) және жүктілік кезінде.

6. Скриниңнен өту процедурасы қандай?

Адам емханаға скриниңнен өтуге барғанда әуелі скриниң өтуге арналған тест тапсырады: тамақтану, зиян әдеттерінің бар-жоғы, дене белсенділігі деңгейі, тұқым қуалайтын аурулар бар-жоғы және тағы басқа сұрақтарға жауап береді.

Науқастың бойы мен салмағы өлшенеді, Кетл индексі (адамның бойы мен салмағының қатынасын анықтайтын көрсеткіш- ред.) анықталады, экспресс әдісімен қандағы холестерин мен қант деңгейі анықталады, қан қысымы мен көз ішіндегі қысым өлшенеді.

Әрі қарай, қажет болса, дәрігер қосымша тексеруге немесе белгілі бір бағыттағы маманнан кеңес алуға жібереді.

Пациент скриниң бөлмесінде қаралғаннан кейін (мінез-құлық факторларын, гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабеті мен глаукоманы ерте анықтау үшін), онкопатологияға қарауға барады (жасы сай келсе).

Мысалы, медицина қызметкері қарау бөлмесінде 30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдерден онкоцитологияға жағынды алады. 40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтау үшін маммографиядан өтеді. Ал 50-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер ішек қатерлі ісігін ерте анықтау үшін нәжіс тапсырады.

7. Скриниңнен жылына неше рет өту керек?

- жүрек-қан тамырлары жүйесінің аурулары (артериялық гипертония, ишемиялық жүрек ауруы) – 4 жылда бір рет;
- қант диабеті – 2 жылда бір рет;
- глаукома - 2 жылда бір рет;
- сүт безі қатерлі ісігі - 2 жылда бір рет;
- жатыр мойны қатерлі ісігі - 4 жылда бір рет;
- тоқ ішек және тік ішек қатерлі ісігі (колоректалды обыр) - 2 жылда бір рет;
- В және С вирустық гепатиттері – 6 айда бір рет.

8. Скриниңнен өтуге қалай жазылуға болады?

Скриниңге жазылу үшін:
- емхананың тіркеу бөліміне хабарласыңыз;
- call-орталыққа қоңырау шалыңыз;
- медициналық ұйымның мобайл қолданбасы немесе порталы арқылы жазылыңыз.

Көбіне учаскелік дәрігерлер мен мейірбикелер тұрғындарды жас және басқа критерилер бойынша тізімдеп, өзі шақырады.

9. Скриниңнен өткен соң не істеу керек?

Скриниң нәтижесінде қандай да бір ауытқу анықталса, медицина қызметкерлері сізді нақты диагноз қою үшін қосымша тексеруге немесе маманға жібереді.

Ауру расталса, емдеу мен бақылау тағайындалады.
Ауытқу болмаса, денсаулығыңыз жақсы екені расталып, алдын алу бойынша кеңес аласыз.