Қазақстанда 12 сәуірден бастап «Бақытты отбасы» бағдарламасына өтініш беру басталды. Өтініштер 26 мамырға дейін қабылданады. Baribar.kz тілшілері бұған дейін бағдарлама шарттары туралы жазды, бұл жолы өтінішті қалай беру керегін және конкурстан кейінгі әрекеттерді түсіндіреміз.
1. Әкімдікте кезекте тұру және бағдарламаға өтініш беру
Бағдарламаға қатысу үшін әуелі әкімдікке кезекке тұрып, отбасы мәртебесін (көпбалалы, толық емес немесе мүгедектігі бар бала асырап отырған отбасы) растайтын құжат алуыңыз керек.
Осыдан кейін "Бақытты отбасы" бағдарламасына өтініш беруіңіз қажет. Өтініш беру үшін:
- Hcsbk.kz сайтына кіруіңіз керек;
- сайттың басты бетінде немесе "Қолжетімді баспана" бөлімінде - "Бақытты отбасы" тармағын таңдап – өтініш жіберу пернесін басыңыз;
- пайда болған терезеде ЖСН және телефон нөмірін енгізу керек;
- өтініш беруді SMS-хабарламада келген кодпен растау қажет;
- өтінішті растағаннан кейін, өтінім нөмірі бар SMS-хабарлама келеді, міндетті түрде сақтап қойыңыз.
Өтініштер 26 мамырға дейін қабылданады.
Бағдарлама бойынша отбасының бір мүшесіне шаққандағы табысы 3,1 ең төменгі күн көріс деңгейінен (106 336,2 теңге) аспауға тиіс.
2. Тұрғын үй құрылыс жинағы туралы келісімшарт бекіту
Келісімшартты "Отбасы банкінің" кез келген бөлімшесінде немесе өзіңізге ыңғайлы уақытта және ыңғайлы жерге келетін кеңесші көмегімен бекітуге болады. Кеңесшіні www.hcsbk.kz сайтындағы "Сіздің кеңесшіңіз" бөлімі арқылы немесе ұялы телефоннан 300 нөміріне хабарласып, шақыра аласыз. Қоңырау шалу тегін.
Келісімшарт бекіту үшін жеке куәлік жеткілікті.
3. Төлем қабілетін бағалаудан өту
Бұл үшін "Отбасы банкіне" келесі құжаттарды тапсыруыңыз керек:
- отбасыңыздың мәртебесін растайтын әкімдік берген құжат;
- кәмелет жасына толған отбасы мүшелерінің жеке куәліктері және балалардың туу туралы куәліктері;
- неке қию немесе неке бұзу туралы куәлік;
- кейінгі 6 ай ішіндегі табысты растайтын құжаттар, оның ішінде ерінің немесе әйелінің, сонымен бірге қажет болған жағдайда қосалқы қарыз алушының атына берілген құжаттар.
4. Тұрғын үй таңдау
5. Қарыз рәсімдеуге мақұлдау алу
6. Бастапқы жарнаны аудару
7. Сатушымен сатып алу-сату келісімшартын бекіту
Мақұлдау алған соң сізге нотариуста сатушымен сатып алу-сату келісімшартын бекітіп, жұбайыңыздың кепілге рұқсатын (қажет болған жағдайда) алу керек.