Астанада маса мен шіркейге қарсы дезинсекциялық жұмыстарға дайындық басталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Әкімдіктің мәліметінше, биылғы жұмыстар алты кезеңге бөлініп жүргізіледі. Қазіргі уақытта қала аумағында энтомологиялық мониторинг басталып, мамандар су қоймаларында жәндіктердің дернәсілдерінің бар-жоғын тексеріп жатыр.
Ветеринария және фитосанитария бөлімінің басшысы Азат Тұрапбаевтың айтуынша, негізгі өңдеу жұмыстары сәуірдің екінші жартысында басталады. Күніне шамамен 110-120 дезинсектор жұмысқа жұмылдырылады.
Дезинсекция бірнеше кезеңнен тұрады: алдымен су қоймалары өңделіп, кейін қаланың ашық аумақтары қамтылады. Жұмыс қала орталығынан басталып, шет аймақтарға қарай жүргізіледі.
Астаналық дезинфекция ЖШС атқарушы директоры Алтынбек Мертасовтың айтуынша, барлық дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Мамандар техника мен құрал-жабдықтарды толық әзірлеп, зерттеу жұмыстарын бастап кеткен.
Іс-шара барысында моторлы бүріккіштер, ыстық тұман генераторлары, дезинсекциялық машиналар, қайықтар және агродрондар пайдаланылады. Қолданылатын препараттар адамдар мен жануарларға қауіпсіз, ал су қоймалары үшін экожүйеге зиян келтірмейтін биологиялық құралдар болады, — делінген хабарламада.
