Үкімет геологиялық барлауға 240 млрд теңге бөледі

Үкімет биыл жер қойнауын зерттеудің жаңа кезеңіне анағұрлым ауқымды дәрежеде кірісіп отыр. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Өткен жылы 100 мың шаршы шақырым жалпы алаңда 1:50.000 масштабты геологиялық түсірілім жүргізуге 20 жоба әзірленді, одан кейін жыл сайын 30 мың шаршы шақырым болатын ең перспективалы учаскелер қамтылды. Салыстыру үшін айтатын болсақ, кеңес заманында жасалған картаның бұрынғы масштабы 1:200.000 болды.

Таяудағы үш жылда жоғарыда аталған 20 жобаны жүзеге асыру үшін, сонымен қатар аз зерттелген шөгінді бассейндер аумағында сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізуге, қазіргі заманғы геологиялық инфрақұрылымды құруға 240 млрд теңге немесе шамамен $500 млн бағыттау жоспарланып отыр, жалпы кейінгі 15 жылда $469 млн салынды, — делінген хабарламада.

Жобаларға Жерді қашықтықтан зондтау деректерін талдау, аэрогеофизикалық және геохимиялық зерттеулер, далалық жұмыстар кешені кіреді.

Учаскелер тізбесін қалыптастыру кезінде қорлардың сарқылу факторлары, жер қойнауын пайдаланушылардың болмауы не ең аз саны және пайдалы қазбалардың басым түрлері бойынша перспективалылығы ескерілді. Нәтижесінде мыс, алтын, қорғасын, мырыш, сирек жер элементтері, барит, боксит кен орындарын анықтау бойынша әлеуеті жоғары алаңдар анықталды, — делінген хабарламада.