10 қазан — біздің туған күніміз! Baribar порталының құрылғанына бақандай 15 жыл болды. Атаулы күнімізге орай, оқырманға сайттың қалай құрылғанын айтып берейік.

Baribar.kz ақпараттық-танымдық порталы — жекеменшік медиа. Директоры — IT маманы Ербол Серікбай. Ербол 2007 жылы Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы университетке оқуға түскен. Оларға курстық жұмыс ретінде сайт жасауға тапсырма беріліпті.

Ол кезде «Ответы@Mail.ru» мен Yahoo answers деген сұрақ қойып, жауап алатын сайттар танымал еді. Бір күні қарасам,  «ОтветыMail.ru»-ға бір қазақ қыз «мынадай есеп шығаруға көмектессеңіздер» деп сұрақ қойыпты. Алайда ол кезде сайттар қазақтың қ, ұ, і, ә сияқты төл әріптерін қабылдамайтын. Содан қазақша қаріптер «?» болып шығады. Әлгі қыздың сұрағының астына орыстар «сені түсінбейміз, орысша жаз» деп жазып тастаған. Кейін қарасам, модератор әлгі сұрақты өшіріп тастапты. Сөйтіп, «Неге «ОтветыMail.ru»-дың қазақша баламасын жасамасқа?» деген ойға келдім, — дейді Ербол Серікбай.

Ербол Серікбай
Ербол Серікбай. Фото: Бақдәулет Әбдіуалы/Baribar.kz

Ербол бұл уақытта Termin.kz деген сайт жасап қойған. Онда бағдарламауға қатысты қазақша терминнің бәрін жинақтап қояды. Ол кезде қазақша сайттар бірді-екілі ғана, «Керекinfo», «Мәссаған.com, «Айта бер» деген сайттар енді шығып жатқан еді. Ербол Question2Аnswers деген жүйені орнатып, қолдана бастаған.

Басында бірнеше аккаунты тіркеп алып, өзі сұрақ қойып, оған өзі жауап беріп жүріпті. Бұл сайттың танымалдығын арттыру үшін керек еді. Бірте-бірте қолданушылар пайда болып, сайттың белсенділігі артқан. Ербол 2010 жылы szh деген доменді тіркеп, Surak-zhauap сайтын іске қосқан.

2012 жыл басында Жалғас Ертай деген досым «сайтты дамытқың келсе, Алматыға кеттік» деді. Мұнда келіп «Қазақ-Медиа» деген компания құрдық. Компаниямыз қазақша сайтқа жарнама берумен айналысатын. Оған қосымша Surak-zhauap сайтын дамыта бастадық, — дейді басшымыз.

«Сұрақ-Жауап» сайтында бір-бірінің сұрақтарына жауап беріп жүріп, танысқан қыз-жігіт те болыпты. Бір-бірінің контактісін алып, сөйлесіп, кейін отбасын құрған. Қыз Ақтөбенің, жігіт Атыраудың тумасы екен.

Қолданушылар сайтымызға ең көп кірген кез 2015-2016 жылдар еді. Бір күнде 150 мың адам кіретін. Қазақша контентке сұраныс артқан уақ. Осы қолданушыларға пайдалы ақпарат берейік дедім. Қазақша контент оқитын оқырманға сарыжағал материалдан гөрі, ғалым, дәрігер, заңгер, психолог сияқты мамандар кеңесін де ұсынайық дедім. Сөйтіп, 2015 жылы мультифмедиалық контент ұсынатын порталға айналып, сайттың атауын Baribar деп өзгерттік, — дейді Ербол Серікбай.

Қазақ табиғатынан ұяң болғандықтан, 18+, психолог кеңесі, отбасы, денсаулық мәселесе, бала психикасына қатысты сұрақты ол кездері тікелей маманға қоя алмаған шығар. Ол кезде осы тақырыптарды ашып айтып беретін танымдық сайттар да жоқ еді. Baribar.kz осы олқылықтың орнын толтырды.

Baribar.kz — сапалы контент ұсынуға еңбек етіп жүрген жоба. Редакция құрамы мынадай:

Таңшолпан Бегалықызы
Таңшолпан Бегалықызы. Фото: Бақдәулет Әбдіуалы/Baribar.kz

Бас редактор — Таңшолпан Бегалықызы

Зарина Алимова
Зарина Алимова. Фотоны жеке архивінен ұсынды

Коммерциялық директор — Зарина Алимова

Жазира Пірімқұл
Жазира Пірімқұл. Фотоны жеке архивінен ұсынды

Журналист — Жазира Пірімқұл

Ақерке Елемес
Ақерке Елемес. Фотоны жеке архивінен ұсынды

Журналист — Ақерке Елемес

Жәнібек Әміре
Жәнібек Әміре. Фотоны жеке архивінен ұсынды

SMM-журналист — Жәнібек Әміре

Бекзат Исамбергенов
Бекзат Исамбергенов. Фото: Baribar.kz

Иллюстратор — Бекзат Исамбергенов

Әділет Есімжан
Әділет Есімжан. Фотоны жеке архивінен ұсынды

Әлеуметтік желілердегі tаlking head маман — Әділет Есімжан.

Бұдан бөлек авторларымыз да бар. Сайтымыз жасай берсін!