Бүгін, 10 қазанда Baribar.kz порталының құрылғанына 13 жыл толды. Атаулы күнге орай, редакцияда бұрын жұмыс істеген журналистер мен редакторлардың ұжымға тілегі мен естелігін жазып алдық.

Еңлік Сақтан:

«Baribar-дан үйренген ең басты нәрсе – қателесуден қорықпау»

Еңлік Сақтан
Еңлік Сақтан. Фото жеке архивінен

Baribar.kz редакциясында 2018 жылғы шілдеден 2021 жылғы қазанға дейін істедім. Алғашқы ресми жұмысым, журналистикадағы алғашқы қадамым еді. Сайттың да жаңаша дамып, редакция мүшелері ауысқан кезі болатын.

Алғашқы редакциям болған соң Baribar-дан өте көп нәрсе үйрендім. Күнде үйге миым жарылардай болып қайтатынмын. Күнде кешке сол адамдармен жұмыс істеп жүргеніме қуанатынмын. Күнде кешке өзімді басқалардан үйренері көп адам ретінде сезінетінмін.

Дұрыс, сауатты жазуды, материал дайындауды, сұхбатқа дайындалып, оны ойдағыдай алуды, әр жазған сөзіме жауапты болуды және тағы басқасын білдім. Baribar-дан үйренген ең басты нәрсе – қателесуден қорықпау. Себебі мұнда қате де аз болған жоқ.

Редакция өзінің ерекше атмосферасымен, таза ниетімен және кіршіксіз көңілімен есте қалды десем, әсірелегенім емес. Офисте отырып бірнәрсе тілесем, орындалатын. Басшылық ешқашан ұсынған тақырыбыңды қайтармайтын, еркіндік беретін. Командада кез келгеніміздің идеямыз құпталатын, жерде қалмайтын және оны істеп көруге де таптырмас орын болды. Бірге қалдық сұрыптадық, жұмыс арасында музыка қойып, жаттығу жасадық, кешке қалып, фильм көріп, оны талқыладық, мәдени шараларға бірге бардық. Тіпті пандемиядағы жағдайдың бәрін бірге өткердік.

Редакция өзіме қымбат. Қимай қоштасқанмын, сағынамын, үнемі тілекшімін. Ыстық ұя ретінде есімде қалды. Одан кейінгі барған жерлерімде Baribar-дағыдай әсерді күтемін. Осы ретте сайттың әрі қарай дамуына үлес қосып жүрген бүгінгі редакцияға іске сәт деймін және алғыс айтамын!

Ақжарқын Қыдырханова:

«Рейтиң маңызды болған дәуірде объектив ұстанымыңа дәл осылай берік бол!»

Ақжарқын Қыдырханова
Ақжарқын Қыдырханова. Фото жеке архивінен

Уақыт сырғыған сайын технология да қарыштап дамып жатыр. Ол өзгерген сайын медиақұралдар да жаңарып отыр. Соған сай әрдайым бейімделіп отыратын Baribar.kz порталына ризамын.

Жеті жыл бұрын қызметке барғанымдағы Surak-Zhauap-пен салыстырсақ, арасы жер мен көктей. Осындай трансмормацияға үлесімді қосқаныма тек қуанамын.

Рейтиң маңызды болған дәуірде объектив ұстанымыңа дәл осылай берік бол, өркендеп дами түс, Baribar!

Болатбек Мұхтаров:

«Baribar ұжымы адамдық жағынан сәл де болса өзгеруіме ықпал етті»

Болатбек Мұхтаров
Болатбек Мұхтаров. Фото жеке архивінен

Baribar-да 2018 жылғы шілдеден 2020 жылғы шілдеге дейін жұмыс істедім. Бұған дейін тек кәсіби нәрселерге көңіл бөліп, жеке қасиеттерімді «жөндеуге» мән бермеген екенмін. Baribar ұжымы адамдық жағынан сәл де болса өзгеруіме ықпал етті.

Өкінішке қарай, бір қадам жақсарып, екі қадам кері кетіп отырдым. Дегенмен осы редакцияға келгеннен кейін өмірімнің басқашалау, мейлінше дұрыстау кезеңі басталғанын білемін. Көп жылы сәттің ең негізгісі осы еді.

Ақжарқын Қыдырханова, Дана Маратова, Еңлік Сақтан, Мейірім Бақытжан, Мейірман Лес, Аида Зайнуллиева, Назым Сапарова, Наргиза Аршидин, Таңшолпан Бегалықызы және Бақдәулет Әбдуалы сияқты журналистикадағы жылтылдаған жас сәулелерді көргенім де – ерекше нәрсе. Одан кейін Baribar-дың базасында курс өткізген кезде қазақ медиасына енді-енді араласып жатқан Әділет Есімжан, Айым Еркінбекқызы, Асылан Маханов, Данагүл Науханова және басқа да өте жас контентмейкерлер тобын көріп, мәз болдым.

Мейірім Бақытжанова:

«Қай медиада жүрсем де, Baribar-ды сағынамын»

Мейірім Бақытжанова
Мейірім Бақытжанова. Фото жеке архивінен

Порталда 2018-2019 жылдары істедім, университетте 3-курс оқып жүргенде жұмысқа тұрдым. Baribar — алғаш өзімді нағыз журналист сезіндірген медиа. Сол үшін маған өте ыстық. Алыста жүргенде туған үйіңді сағынғандай қай медиада жүрсем де, Baribar-ды сағынамын.

Қазір де еркін, тәуелсіз медиада істеймін. Бірақ Baribar-да жүргендегі еркіндігім ерекше еді. Қиялымдағының бәрін іске асырмай, тынбайтынмын.

Құжынаған аралардың қасында тұрып, омарташыдан алған алғашқы сұхбатым есімнен кетпейді. Редактор біраз қатесін түзесе де, ең үздік материал болып көрінген. Сайтта жарияланған соң өзіме риза болып, ара-арасында оқи бердім. Соның көп қаралымын өзім жинаған шығармын.

Baribar-да бірге істеген әріптестерім бауырымдай болды. Қазір көбіміз жан-жаққа тарап кетсек те, әлі де жақын араласамыз. Бір кездері офисіміз «Тенгиз тауерс» жақта еді. Бас редакторым Болатбек, Акаля-Ақжарқын, Аида, Еңлік, Мейірман, Танчо-Таңшолпан — бәріміз бірге жамырап сыртқа шығып, түскі ас аламыз да, офиске келіп үстелдерді қосып отыратынбыз. Бір үйдің баласындай әңгіме айтып, қауқалдасып, тамақ-шай ішетінбіз. Қызық. Сағынамын.

Baribar не үйретті? Ол ересек өмірімнің бастауы, баспалдағы болды. Үй салғанда іргетасы маңызды деуші еді ғой. Baribar да журналистикада кәсіби маман болып қалыптасуыма мықты діңгек болды. Қазақстанда салмағы бар, санаулы тәуелсіз медианың бірінде жүруіме әсер еткен де — Baribar. Ол маған университет бермеген білімді берді. Baribar деген — махаббат!

Айзада Жайыққызы:

«Baribar-дан белгілі бір салаға бейімделуді үйрендім»

Айзада Жайыққызы
Айзада Жайыққызы. Фото жеке архивінен

Baribar-ға оқу бітірген соң, 2017 жылы жұмысқа тұрдым. Оның алдында журналда істегендіктен, сайттағы алғашқы жұмыс орным болды деп айта аламын. Кейін Атырауға көшкен соң да бір жылдай сол жақтағы тілшісі болдым.

Baribar-дан көп нәрсе үйрендім. Соның ішінде еркін болуды, сауатты, креатив жазуды және белгілі бір салаға бейімделуді айтар едім. Жұмыс істеген бір жыл ішінде медицина саласындағы мамандар мен жас кәсіпкерлерден сұхбат алып, сол туралы материал жарияладым. Өзіме осы салада белгілі бір база қалыптастырдым.

Одан бөлек ұжымдағы жастар мен басшымыздың еркіндік беретіні шабытымызды шарықтатты. Соның бәрінің кейінгі жұмыс орнымызда біраз пайдасы тиді. Осы ретте порталдың басшысы Ербол Серікбай мырзаға барлығы үшін рақмет айтқым келеді!

Baribar, 13 жылдық мерейтойыңмен құттықтаймын! Кез келген журналистің маман боп қалыптасуында негізгі баспалдақ болатын сайттың ғұмыры ұзақ болсын! Қазір де мықты журналистер тәрбиеленіп жатқаны анық. Алдағы уақытта бүкіл қазақ іздегенін сенен табатын сапалы, мықты порталға айналуыңа тілектеспін!

Дана Маратова:

«Мұнда бес редактордың мектебінен өттім»

Дана Маратова
Дана Маратова. Фото жеке архивінен

Студент кезде күнделігіме «2016 жылғы 4 қарашада сайтқа жұмысқа бардым» деп жазыппын. Жақында ғана осы жазбамды көріп, сол кезді еске түсіріп едім. Арада жеті жыл өтіпті, сайт та, мен де «өсіп жатырмыз».

Baribar — журналистикадағы жылы ұям. Офисінің де ерекше атмосферасы бар. Жұмыс орны емес, отбасым сияқты.

Мұнда бес редактордың мектебінен өттім, үйренгенім көп. Бірінен сауатты жазуды, бірінен принципшіл болуды, бірінен дедлайн бойынша жұмыс істеуді, енді бірінен жай ғана адам болуды үйрендім.

Baribar-дың әлі де болса журналиске, адамдарға берері көп деп ойлаймын.

Baribar ұжымы, редакция
Baribar-дың қазіргі ұжымы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz