Халифа Алтай — 1987 жылы Құранды алғаш қазақшаға аударған адам. Құранды төте қаріппен қазақшалап шыққан. Ал ұлы Әбдірайым Алтай әкесінің аудармасын кирилл қарпімен жазып шыққан. Әбдірайым Алтай қазір Алматыда тұрады. Әкесі кезінде қазақша нұсқаға түзетулер енгізіп кеткен. Ұлы түзелген нұсқаны кирилл қарпімен жазып шықты.

«Әкемнің хатшысы болдым»

Халифа Алтайдың төрт ұл, төрт қызы болған. Әбдірайым Алтай — үшінші баласы. Қазір ол — Халифа Алтай қорының төрағасы.

Әкемнің хатшысы болдым. Ол кісі жазуының бәрін төте әріппен жазатын. Оның бәрін кирилл қарпіне аударып шығатынмын. Әкем 2003 жылғы тамыз айында қайтыс болғанша хатшысы болдым. Қорда әкемнің діни, әдеби, тарихи еңбектерін басып шығарып жүрміз, — дейді ұлы.

Әбдірайым Алтай
Әбдірайым Алтай. Фото: Таңшолпан Бегалықызы/Baribar.kz

Оның айтуынша, Халифа Алтай тек діни тақырыпты жазбаған. Этнография тақырыбын, Шыңғысханнан басталған шежіре, өлең, шығарма да жазған.

Құран қалай қазақшаға аударылды?

Әбдірайым Алтайдың айтуынша, 1933 жылы Алтайда қазақ халқының қытайларға қарсы ұлт-азаттық көтерілісі болған. Соның салдарынан 18 мың қазақ Алтайдан көшіп кеткен. Бұл көш 1954 жылы аяқталып, көшкен жұрт Түркияға тоқтаған. Елден көшкенде Халифа Алтай 16 жаста болған.

Әкем 1980-жылдары Қытайдағы қазақтарға арнап төте әріппен имашат (иман шарттары — ред.) жазудан бастады. Әкем туған жеріне 30 жылдан кейін барып қайтқан. Сол барғанда Қытайда қалған туыстар «Құранның мағынасын білейік, соны аударып берсеңіз» деп қолқа салған. Сөйтіп, құранды 1983-1984 аударып шыққан. Ол қолжазба еді. Төте қаріп машинасы болатын, сонымен қолжазбасын көшіріп шықты. Сөйтіп, 1987 жылы бітіріп, Стамбулдағы баспаханадан 2,5 мың данамен басып шығарды. Келер жылы да тура сонша дана шығарған. Сөйтіп, Қытайдағы қазақтарға жіберген. 1990 жылы қайта бастырды да, кітап тағы да Қытай қазақтарына кетті, — дейді ұлы.

Құран қалай кирилл қарпімен жазылған?

1989 жылы Қазақстандағы Ислам мәдениеті деген орталық өкілдері Халифа Алтайға «Одақ құлауға айналды, қазақша Құранды кирилл қарпіне аударып беріңіз, ертең тәуелсіздік алғанда дайын тұрсын» деген. Бұл шаруаны ұлы Әбдірайым Алтай қолға алып, бір жыл ішінде қолжазба дайын болады.

Бізді 1990 жылы Мединаға шақырды. Құранды сондағы баспаханаға қалдырып кеттік. Сөйтіп, сол жылы Құран кирилл қарпімен басылып шықты. Кітапты өз елімізге, Моңғолиядағы, Ресейдегі қазақтарға, Қырғызстанға тараттық. Енді сол кітапты қайта басып шығармақшымын. Өйткені әкем 1990 жылғы үшінші басылымда «мына еңбекте алдыңғы олқылықтар мен ағат кеткен жерлер өңделіп басылды» деп жазған екен. Сол үшінші басылымды кирилл қарпімен жазып шықтым, енді тексеріп жатырмын. Алдағы бір-екі жылда баспаханадан шығады, — дейді Әбдірайым Алтай.

Әбдірайым Алтай кітапты бұрынғы Мединадағы баспаханада шығаруды ұсынып көрмекші. Олар бас тартса, Қазақстанда шығарады.

Нағашының қызын алған

Әбдірайым атадан үйдегі апамыз туралы да сұрадық. Жолдасы Дариға апа нағашысының қызы екен.

Түркияда бір ауылда отырғанбыз. Бірінші буын Алтайдан Түркияға қоныс аударған, ал біз — сонда туып-өскен екінші буынбыз, — дейді Әбдірайым Алтай.

Әбдірайым Алтай мен жұбайы Дариға
Әбдірайым Алтай мен жұбайы Дариға. Фото: Таңшолпан Бегалықызы/Baribar.kz

Үш ұл өсірген. Одан үш немересі бар. Ұлдарының бәрі құрылыс саласында істейді. Дариға апаның айтуынша, елге 1999 жылы көшіп келген.

Атамыз Түркияда қолымызда болған. 1999 жылы бізге хабарласып, «қартайдық, көшіп келіңдер» деді. Әуелі Алланың разылығы, сосын атамыздың батасын алайық деп, одан кейін үш ұлымның болашағын ойлап, көшіп келдік. Түркияда тек түрік тілінде сөйлейді. Ал Қазақстанда ана тіліміз қазақша және орысша мен ағылшынша дамып келе жатқан кезі еді, — дейді Дариға апа.