Sajda (Sajde KZ)

Мобайл қолданба арқылы намаз уақытын қадағалауға, Құран оқуға, мұсылмандар мейрамының күнтізбесін көруге, зікір және салауат айтуға болады. Қолданушы қаласа, әр намаз уақыты кірген сайын әуенмен ескертіп тұрады. Оған қоса, құбыланың (құбыла — намаз оқу, азан шақыру кезінде мұсылмандардың Меккедегі Қағбаны бағыт етуі) қай бағытта екенін және 24 сағат бойы тікелей эфирден Меккені көрсетеді. Қолданба тегін әрі ешқандай жарнама кедергі келтірмейді.

Жоба авторы — Алмас Әділбеков пен Герман Ильин. Олар қолданбаның ең бірінші нұсқасын 2012 жылы жасаған. Ол кезде қолданба тек орыс және ағылшын тілінде болса, қазір араб, ағылшын, орыс, қазақ, қырғыз, өзбек, түрік, малай, индонезия, француз тілінде ақпарат алуға мүмкіндік бар.

Sajda 2016 жылы Қазақстандағы «ең үздік 30 мобайл қолданба» қатарына енген. Сол уақыттың өзінде қолданбаны пайдаланушы саны орташа есеппен 13 миллионнан асқан.

қолданба
Sajda

 

Halal guide

Halal guide — Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының сертификатын алған ет және түрлі тағам сататын азық-түлік дүкенін, асхананы, мейрамхананы, фермаларды табуға арналған нұсқаулық. Қолданбаға кез келген қаладағы мекеме немесе марка атауын жазып, сертификаты бар-жоғын анықтауға және картадан қайда орналасқанын көруге болады. Сонымен бірге мұсылмандарға тұтынуға болатын-болмайтын немесе күмәнді тағам ішіндегі химиялық қоспалар да жазылған.

Қолданбаның авторы — Ерасыл Тұрлығажы.

қолданба
Halal quide

Quran kz

Quran kz — Құран Кәрімнің қазақша аудармасын оқуға, намаз уақытын қадағалауға мүмкіндік беретін қолданба. Намаз уақыты muftiyat.kz сайтынан алынған және жаңарып отырады. Сонымен қатар мұнда «Дұғалар жинағы», «Таңғы кешкі дұғалар», «100 Хадис», «Раббыңды ертелі-кеш есіңе ал», «Құран оқып үйренейік», «Намаз оқып үйренейік», «Ең қажет дұғалар» кітаптары енгізілген.

Дұғалар бөліміндегі дұғаларды тек оқып қоймай, хабарлама ретінде мәтінін жақындарыңызға жібере аласыз.

Бүгінге дейін қолданбаны 500 мыңнан астам рет жүктеген. Жоба авторы — «Көкжиек» баспасы.

қолданба
Quran kz

Qalam

Еліміздегі діни жаңалықтар, намаз уақыты, қазақ тіліндегі Құран кітабы, намаз оқу ережесі, діни кітаптар кітапханасы, халал фирмалар тізімі, құбыла бағыты — барлығы Qalam қолданбасында бар. Сонымен бірге қолданушы өз қаласындағы мешіттерді де қолданбадағы картадан табуына болады. Сонымен бірге Qalam-ның тікелей эфирінен Шығыс Қазақстан облысындағы «Халифа Алтай» мешітін көріп, ондағы имамның уағызын тыңдай аласыз. Бірақ бұл қолданба тек интернет арқылы жұмыс істейді.

Қолданбаны Қазақстан мұсылмандар діни басққармасының Шығыс Қазақстан облысындағы өкілдігі жасаған. Әзірлеуші — Бахрадин Ережепов.

Kitapal

Рамазан айында көбі діни білімін арттырғыңыз келсе, смартфонға Kitapal дүкенінің қолданбасын жүктеп алуына болады. Себебі мұнда діни кітап көп. Ол жерде Құраннан бастап, Мұхаммед пайғамбардың, исламда орны ерекше Айша, Хадиша, Фатима аналардың өмірбаянын және жалпы ислам негіздері туралы кітаптарды, Рамазан айына арналған күнделіктерді таба аласыз. Дегенмен мұнда бәрі ақылы. Қолданба арқылы дүкенге тапсырыс беруге немесе электрон, аудиокітаптар сатып алуға болады. Мәселен, сүре, дұға аудио немесе электрон кітапшаларының бағасы 100 теңгеден басталады. Оған қоса, бұл айда жақындарыңызға сый тарту еткіңіз келсе, қолданба арқылы Рамазан бокстеріне тапсырыс бере аласыз.

қолданба
Kitapal