Бала – біздің болашағымыз. Ертеңіміздің ертегідегідей көркем болуы балалардың білімі мен тәрбиесіне тікелей байланысты. Әйтсе де, үлкен үміт күтіп отырған ұл-қызымызға қатысты мәселе шашетектен. Әсіресе, өмірге енді қадам басқан балалардың қылмыстың бел ортасында жүруі, қатігездігі қайран қалдырады.
Жастардың жүрегінің қараюына не себеп? Осы сауалды әлеуметтік желі арқылы көпшілікке жолдағанда жауап бергендердің сексен пайызы «жасөспірімдер арасындағы қылмыстың орын алуына ата-ана кінәлі» деген. Ал қалғандары мектеп мұғалімдері мен баланың араласатын ортасының кері әсерін алға тартыпты. Ендігі сауал – балалар теріс жолға түспеуі үшін не істеуіміз керек? Қоғам болып не жасауымыз қажет? Мемлекет қандай шара қолданса болады? Бір қынжылтатыны, жыл өткен сайын қылмыс әлемі жасарып келеді. Ересек адамдардың жасаған қылмысын, бала да жасай беретін болды. Бала кезінен осындай теріс жолға түскен жасөспірімнің өскенде түзеліп кетеріне кепілдік жоқ. Бүгінгідей ақпараттық заманда жасөспірімдердің әлі қалыптасып үлгермеген психикасына зорлық-зомбылыққа толы фильмдер, ойындар, түрлі насихаттар әсер ететіні анық.
Психологтардың сөзіне сүйенсек, «қылмыс» сөзінің астарында көп себеп бар. Атап айтар болсақ, жасөспірімдер қылмысқа кек алу, өшпенділік, есе қайтару, өзге балаларға еліктеу, табыс табу үшін барады. Арасында абайсызда жасалатын қылмыстар да болады. Жаңалықтар мен ғаламторда жасөспірімдердің жасаған қылмысын көріп жағаңды ұстайсың.
Түркістан қалалық емханасының психологы Бағила Бимендиеваның айтуынша, қазіргі уақытта балалар арасындағы қылмыс ең өзекті мәселенің бірі болып отыр. «Олар әртүрлі қылмыс жасайды. Атап айтар болсақ, вандализм, қатыгездік, ұрлық, тонау, қарақшылық, ұлтшылдық пропагандасы, зорлық-зомбылық, қоғамдық орындарда психотроптық немесе алкогольдік ішімдіктің салдарынан қылмыс орын алуы мүмкін. Мұның бәрі бала тәрбиесіне жеткілікті мән бермеуден. «Тәрбие – тал бесіктен» демекші, ең бірінші баланың отбасындағы тәрбиесіне аса қатты мән берген дұрыс. Бала тәрбиесіне кері әсер ететін жағдайлар, біріншіден ата-ананың бала тәрбиесіне деген немқұрайдылығы, алкогольдік ішімдікке бейімділігі, үлкендер тарапынан көрсетілетін қысым, материалдық тапшылық және тағы да басқа әрекеттер. Ал, екіншіден ақпарат құралдарында көрсетілетін жан түршігерлік оқиғалар, сонымен қатар, әлеуметтік желідегі ақпараттың да ықпалы басым.
Үшіншіден, баланың араласатын ортасы, достары да әсер етеді. Сол үшін баланың бос уақытында немен шұғылданып, кімдермен араласатынына жіті мән берген дұрыс. Балалар арасында қылмыстың алдын алу және жол бермеу үшін бала тәрбиесін біз өзімізден бастауымыз керек. Ересек адамдар құқық бұзбай заңға бағынып, заңға қайшы келген адамның қандай қателікке ұшырайтынын баланың құлағына құйып отырғаны абзал. Балалар өте сезімтал және әсер ету оңай болғандықтан, оларға тұлға ретінде қарауымыз керек. Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деген өлеңін негізге ала отырып, жастарға сеніп, олардың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етіп, өзіміз жақсы істерімізбен үлгі көрсетуіміз қажет», – дейді психолог Бағила Рахманбердіқызы. Расында, қазіргі заманда жұмысбасты болған ата-ананың балаларды бақылауға, күнделікті қадағалауға мүмкіндігі болмайды. Балалардың ермегі – ұялы телефон. Ғаламторды қарап отырып, әртүрлі және анайы қылмысқа толы фильмдерді көреді. Еріккен бала ғаламтордан көргенін жасайтыны анық. Немесе, көшеге шығып өзі секілді бос сенделіп жүрген балаларға қосылып ақшасы болса ойын залға барып, қалтасындағы қаржысы таусылғанда ұрлыққа барады. Кеңес Үкіметі кезінде балалар телміріп компьютердің алдында отырмайтын, ғаламторға байланбайтын. Бір-бірімен футбол ойнап, арқа-жарқа араласқан балалардың достығы да берік еді. Ал, қазір аулада ойнайтын бала сирек.
Жасөспірімдердің уақытының басым бөлігі мектепте өтеді. Осы білім ордасында не болмай жатыр десеңізші?! Оқушылар арасында төбелес те, мұғалімдер мен ата-ана арасында түсініспеушілік те орын алуда. Мектепке суық қару апарып айналасына сес көрсетіп жүргендер де аз емес. Өзіне, ата-анасына сенген балалар мұғалімнен сескене қоймайды. Өкінішке орай, мектептегі тәлім-тәрбиені үйлестіріп, қылмыстың алдын алу міндеттелген мектеп инспекторларынан да қазір айтарлықтай нәтиже болмай отыр. Оның себебі де белгілі. Бүгінде жалғыз инспектор екі-үш мектептің балаларын бақылап, құқық бұзушылыққа қарсы жұмыс жүргізуге мәжбүр. Қала мектептеріндегі оқушы саны көп болғандықтан, мектеп инспекторларының жағдайды толық бақылауда ұстауға мүмкіндігі жоқ. Дегенмен, инспектордың мектеп өміріне араласқаны біраз қылмыстың алдын алатыны анық. Ата-аналар баланың тәрбиесіне мұғалім, психолог және инспектор жауапты дейді.
Кейбір ата-аналар бала тәрбиесі отбасынан басталатынын естен шығарып алғандай. Статистикалық деректер көрсеткендей, Алматы, Ақтөбе, Түркістан облыстарында балалар арасындағы қылмыс жиі тіркеледі. Дегенмен де, кейбір қылмыстың саны жылдан жылға азайып келеді. Түркістан облысы Кентау қаласы бойынша 2023 жылдың 7 ай көлемінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен 4 қылмыс тіркелген. Сонымен қатар, Кентау қаласы ПБ ЖПҚ ЮПТ аға УПИ полиция капитаны Нұрдәулет Парменовтың сөзіне қарағанда, Кентау қаласында өткен жылы да кәмелетке толмағандарға қатысты 4 қылмыс орын алған. – Биыл жасөспірімдерге қатысты 2 суицид орын алған. Бірі Кентау гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті болса, екіншісі медицина колледжінің студенті. Қазіргі таңда орын алған осы екі дерек бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Кентау қаласы аумағында 2023 жылдың 7 ай көлемінде кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу және жолын кесу, олардың жыныстық тиспеушілігіне қол сұғушылық, қорқытып алушылық қылмыстарының алдын алу мақсатында жыл басынан бері мүдделі мемлекеттік органдардың, мемлекеттік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім және жауапкершілік» атты жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізілген.
Атқарылған іс-шара барысында барлық білім беру ұйымдарында кәмелетке толмағандарға құқықтық түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, олардың ата-аналарымен кездесулер ұйымдастырылды. Сонымен қатар, оқушылар үшін Кентау қаласының ПБ ғимаратына және уақытша ұстау изоляторына экскурция ұйымдастырылып, қылмыстың зардаптары түсіндірілді. Сондай-ақ, Кентау қаласы ПБ қызметкерлері күндізгі және түнгі мезгілдерде көшелер мен ойын-сауық орындарында рейдтік іс-шаралар жүргізіп тұрады. Аталған шара барысында түнгі мезгілде заңды өкілдерінсіз тұрғын жайдан тыс жерде жүрген 207 жасөспірім, ойын-сауық орын дарында заңды өкілінсіз жүрген 13 жасөспірім анықталып, олардың ата-аналарына әкімшілік шара тағайындалды. Ата-аналық міндетіне селқос қарап, баласының қылмыс жасауына жол берген 3 ата-анаға әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Осындай іс-шаралар нәтижесінде түнгі мезгілде кәмелетке толмағандардың кіруіне рұқсат берген 4 ойын-сауық орнының әкімшілігіне және кәмелетке толмағандарға темекі өнімін сатқан 3 дүкен сатушысына 15 АЕК мөлшерінде айппұл салынды.
– Тағы бір айта өтетін жайт, Кентау қаласы ПБ ЖПҚ ЮПТ-ның профилактикалық есебіне құқықбұзушылыққа бейім 35 жасөспірім және 23 жайсыз отбасы алынған. Оларды бақылау жұмыстары жүргізілуде. Кентау қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар құқықтарын қорғау комиссиясы отырысында әлеуметтік жағдайына байланысты 6 отбасыға қатысты құжаттар толтырылып, онда тәрбиеленіп отырған 14 кәмелетке толмаған бала Сайрам ауданында орналасқан «қиын жағдайға душар болған балаларды оңалту орталығына» орналастырды. Сонымен қатар, есепте тұратын жасөспірімдер мен күрделі отбасында тәрбиеленіп отырған кәмелетке толмағандар туралы мәліметтер, олардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында қалалық және білім беру бөліміне жолданды. Қазіргі таңда оқушылардың жазғы демалыс кезінде бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында және құқықбұзушылықтың алдын алу барысында барлық білім беру бөлімдерінде ата-аналармен және оқушылармен кездесулер өткізіліп, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шаралар қабылдануда, – деді полиция капитаны Нұрдәулет Парманов.
Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстандағы қылмыстың 57 пайызын 9-16 жас аралығындағы балалар жасайды екен. Қылмыстың басым көпшілігі ұрлық, қарақшылық шабуыл, өзгенің мүлкін заңсыз пайдалану болып табылады. Яғни, жасалған қылмыстың 53 пайызын – ұрлық, тонау – 10 пайызды, қарақшылық шабуыл – 15 пайызды құрайды. Қылмысқа баратын жасөспірімдердің басым бөлігі жағдайы төмен отбасынан шыққандар. Осының өзі әр балаға ата-ана тарапынан көп көңіл бөлінсе, балалар қылмысы азаятынын дәлелдейді. Жалпы, бала тәрбиесі ананың құрсағынан басталады. Отбасы – ұятты ұл, қылықты қыз қалыптастырудың мекені. Осы міндетті естен шығарған ата-ананың салдарынан қаншама жасөспірімнің тағдыры шыныдай шытынап кетті. Турасына келгенде, біз осы ұлағатты ұғымды дұрыс ұғына алмай жүргендейміз. «Менің балама сөйледі» деп мұғалімді жерден алып, жерге саламыз. Ата мен анасы тек демеген, бетінен қақпаған жасөспірім білгенін істейді. Сондықтан, әрбір ата-ана баласына өзін сыйлатып қоймай, ортаны да қадірлеуді, ортақ тәртіпке бағынуды үйреткені абзал.
Раушан НАРБЕК
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ
