Басты бетЖаңалықтарПрезиденттікке Қасым-Жомарт...

Президенттікке Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасы ұсынылды

Нұр-Сұлтандағы Тәуелсіздік сарайында Nur Otan партиясының кезектен тыс ХІХ съезі өтті. Съезд жұмысын Тұңғыш Президент — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашты. Ол партияның атынан Президент сайлауына Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды.

Қазақстандықтар бүгінгі тарихи кезеңде бірлік танытады деп сенемін. Партия атынан Қасым-Жомарт Тоқаевты Президент сайлауына кандидаттыққа  ұсынамыз. Қасым-Жомарт Тоқаевты мемлекет басқаруға әбден лайық деп есептеймін, мен оған сенемін. Барлығыңызды Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірауыздан қолдау көрсетуге шақырамын, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Тұңғыш Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері атқарған қызметіне жоғары баға берді. Әсіресе, оның елдің сыртқы саясатын қалыптастырудағы, парламентаризмді дамытудағы және Үкіметті басқарудағы еңбегін ерекше атап өтті. Съездің шешімімен Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасы бірауыздан мақұлданды.

Съезге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева, Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин, Үкімет басшысы Асқар Мамин, депутаттар, Үкімет мүшелері, аймақтық конференцияларда сайланған 600-ден астам делегат, мемлекеттік басқару органдарының, ұлттық xолдингтер мен компаниялардың басшылары, үкіметтік емес және жастар құрылымдарының, xалықаралық ұйымдардың, дипломатия корпустарының, бастапқы партия ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, ғылым және мәдениет қайраткерлері, партия ардагерлері мен «Жас отан» жастар қанатының белсенділері — барлығы 1 500-дей адам қатысып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Президентін кезектен тыс сайлауға байланысты Nur Otan партиясы алдағы сайлау науқанына белсенді қатысуға тиіс екенін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, бұл сайлау биліктің заңдылығын одан әрі нығайтып, елімізде тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажет.

Партияның аппараты съезді өткізу үшін қажетті жұмыстардың бәрін жылдам іске асыруға тиіс. Партиямыздың атынан кандидатура ұсынғаннан кейін Қоғамдық сайлау штабының жұмысын ұйымдастыру қажет. Бұл жұмыспен менің бірінші орынбасарым Мәулен Әшімбаев айналысады, — деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Кезектен тыс Президент сайлауы 2019 жылдың 9 маусымында өтеді.