«7-20-25» және «Баспана Хит» бағдарламалары бойынша қабылданған өтінімдердің сомасы 200 миллиард теңгеге жетті. Бұл туралы «Баспана» ипотекалық ұйымы АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Мекеменің мәліметінше, сәуірдің ортасында «Баспананың» әріптес банктері ипотекалық несиелерді мақұлдау мен берудің ең жоғарғы қарқынын көрсетті. Өткен аптада сомасы 8,3 миллиард теңге болатын қарыз мақұлданды. Демек, бір жұмыс күнінде 1,7 миллиард теңге берілді деуге болады. Оның ішінде 5,2 миллиард теңге «Баспана Хит» бойынша, 3,1 миллиард теңге «7-20-25» бойынша мақұлданды. Ипотекалық кредит берудегі негізгі жұмысты «ЦентрКредит Банкі», «Сбербанк» пен «Халық Банк» атқарған.
«Баспана Хит» бағдарламасының жетістігі қолданыста болған үйдің көптігі мен бағдарламаның өте жеңіл талаптарына байланысты деп ойлаймын. Бұл ретте бастапқы жаңа тұрғын үй бойынша да құрылыс секторы тарапынан жағымды хабарлар келіп түсіп жатыр. Құрылыс салушылар ірі қалаларда да, өңірлерде де тұрғын үй құрылысының белсенді кезеңіне кірді. Бұл жақын арада «7-20-25» бағдарламасы үшін тұрғын үйдің жеткілікті санын қамтамасыз етпек, — деді «Баспана» ипотекалық ұйымының басшысы Қайрат Алтынбеков.
Қазіргі кезде «7-20-25» бағдарламасы бойынша мақұлданған кредиттер сомасы 85 миллиард теңгеге жақындап келеді. Ал «Баспана Хит» аз уақыттың ішінде 30 миллиард теңге межесінен асып түсті.