Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Әлихан Смайылов Мемлекет басшысына Қаржы министрлігінің қызметіндегі негізгі мәселелер, бюджеттің орындалу барысы, салық және бюджет саясаты, мемлекеттік қарыздың жағдайы туралы мәлімет берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет шығындарын оңтайландыру мен мемлекет бюджетіне түсімді көбейту қажет екенін айтты. Сонымен бірге Президент кеден және салық әкімшілігінің тиімділігін арттыруды тапсырды.
Әлихан Смайылов Мемлекет басшысына министрліктегі цифрландыру мен өзге мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелермен байланысы бойынша атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар туралы да баяндады. Кездесу соңында Қазақстан Президенті бірінші вице-премьерге бірқатар нақты тапсырма берді.