Басты бетЖаңалықтарАлматы облысында...

Алматы облысында су тасқынын болдырмау шаралары өтіп жатыр

Алматы облысында көктемгі су тасқынын болдырмау шаралары қатаң бақылауда. Осы бағытта төтенше жағдай қызметі, азаматтық қорғаныс және жергілік әкімдік бірлесіп, біршама жұмыс атқарған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары аясында 2285 шақырым арық, 2156 шақырым канал, 100 мың текше метр қар елді мекендер аумағынан шығарылып, 5 мың шақырым арық іші қоқыс, топырақтан аршылған. Су өткізу құрылғылары да тазаланды. Күннің күрт жылынуымен өңірде өрт қауіпі де арта түскен. Көктем маусымы басталысымен облыс көлемінде құрғақ шөптің өртенуіне қатысты 300-ден астам жағдай тіркелген. Қызыл жалын 500 гектар аумақты шарпыған.

ТЖД қызметкерлері су тасқының алдын алумен қоса, жазғы шомылу маусымына да қызу дайындық жүргізіп жатыр.

Өткен жылы 60 адам суға батып кеткен. Оның 15-і кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер. Қайғылы жағдай шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде және мас күйде суға түсу салдарынан болған.

Алматы облысының аумағында Алакөл, Балқаш көлдері және Қапшағай су қоймасы сияқты үш негізгі су айдындары орналасқан. Жазғы уақытта демалушылардың негізгі ағыны Алакөл көлі мен Қапшағай су қоймасына келеді. Судағы төтенше жағдайлардың себептері ТЖД құтқарушылары бақылауға алмаған су қоймалары аумағында азаматтардың демалыс ұйымдастыруынан, судағы қауіпсіздік ережелерін білмеуінен немесе сақтамауынан, жүзе білмеуінен және балаларды үлкендердің бақылауынсыз қалдыруынан болады, – деді Алматы облысының ТЖД бастығының орынбасары Серік Тұраров.