Басты бетЖаңалықтарТалғат Жанжүменов...

Талғат Жанжүменов жаңа ведомствоның бірінші вице-министрі болып тағайындалды

Жаңадан құрылған Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары тағайындалды. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР Үкіметінің қаулысымен Талғат Жеңісұлы Жанжүменов ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі болып тағайындалды, — деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Талғат Жанжүменов 1968 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Ленин комсомолы атындағы Вольск Жоғары әскери тыл училищесін, РФ Қорғаныс министрлігінің Әскери тыл және көлік академиясын, РФ Қарулы күштері бас штабының Әскери академиясын тәмамдаған. Жоғары арнайы әскери, шұғыл стратегиялық білімі бар офицер. Еңбек жолын 1989 жылы танк полкінің азық-түлік қызметінің басшысы болып бастады. ҚР Әскери әуе күштерінде, ҚР Қарулы Күштерінде, ҚР Қорғаныс министрлігінде, ҚР Республикалық гвардиясында, ҚР Қауіпсіздік кеңесінде қызмет атқарды.

2001-2006 жылдары ҚР Республикалық гвардия қолбасшысының орынбасары, 2008-2010 жылдары Қарулы Күштердің тыл бастығы, 2010-2013 жылдары Қорғаныс министрінің орынбасары, 2014-2015 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Қауіпсіздік кеңесі хатшылығының меңгерушісінің орынбасары, 2015-2016 жылдары Қауіпсіздік кеңесінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді.

2016 жылдың қазанынан бастап 2019 жылғы сәуірге дейін ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары қызметін атқарды.

Еске салайық, бұған дейін Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі қызметтеріне Үкімет қаулысымен Марат Нұрғожин, Дарын ТұяқовАбылайхан Оспанов және Асхат Оразбек тағайындалған еді. Ведомство басшысы — Асқар Жұмағалиев.