Басты бетТанымШашылатын шашу және шашылмайтын шашу деген не?

Шашылатын шашу және шашылмайтын шашу деген не?

Шашу қуанышта да, қайғыда да шашыла ма? Шашылатын шашу және шашылмайтын шашу деген не? Қазақ тұрмысындағы негізгі әдет-ғұрыптың бірі жөнінде тағы не білген жөн?

Шашу қай кезде шашылады?

Шашуды келін түскенде, бала дүниеге келгенде, бесіктойда, басқа да қуанышта әжелер шашады. Қазақ шашуды берекемен, молшылықпен байланыстырады. Кейде алғашқы жаңбыр жауған кезде, Наурыз мейрамы қарсаңында да шашу шашылады. Қазақ — ырым-тыйымға сенетін халық. Құдай не берсе де, аспаннан береді деп сенеді. Сол себепті шашуды да аспанға шашады.

Шашу, әже, конфет
Фото: Tekelinews.kz

Шашу деп не шашады?

Шашу деп құрт, ірімшік, бауырсақ, тоқаш пен тәттінің, жеміс-жидектің сан түрін шашады. Шашуды теріп алудың өзін қазақ бөлек қуаныш санаған. Шашу жерге түскен сәттен бастап оны талау басталады. Шашуды, әсіресе, балалар талап алады. «Осындай қуаныш бізге де жұғысты болсын» деп үлкендер де оны тойдан тәбәрік ретінде алады. Шашу ысырап болмай, сол сәтте таланып кетсе, жұрт мұны жақсылыққа балап, келешекте молшылыққа кенелеміз деп сенген. «Арамыз балдай тәтті болсын» деген ниетпен шашуға тәтті тағамдарды да шашады.

Шашылмайтын шашу деген не?

Шашудың шашылмайтын түрі де болады. Бұл көбіне тәбәрікке ұқсайды. Мысалы, үйінде қуаныш болған ағайынына не досына дер кезінде бара алмаған адам кейін ол шаңыраққа шашуын әкеледі. Шашудың орнына үлкен сый-сияпат (ат, қой, ақша) та апаруға болады.

Шашуды қай кезде шашпайды?

Шашу қаралы жағдайда ғана шашылмайды. Шашу — тек қуаныш айғағы ретінде жасалатын дәстүр. Қазір де бұл дәстүр мәнін жоғалтқан жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ