Белгілі домбырашы, күйші, музыкатанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жарқын Шәкәрім қайтыс болды.

Қаза туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

Қазақ өнері ауыр қазаға душар болды. 71 жасқа қараған шағында белгілі музыкатанушы, өнер зерттеушісі, ғалым ағамыз Жарқын Шәкәрім дүниеден өтті, қайғылы хабарды естіп қабырғамыз қайысып отыр… Қазақ халқының рухани кемелденуіне үлес қосып, музыка өнерінің халықтық мүддеге сай өркен жаюына еңбек еткен, белгілі күйші, музыкатанушы, әміретанушы, қоғам қайраткері Жарқын ағамыздан айырылып қалдық. Осыған байланысты марқұмның отбасына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Өмір бойы туған халқына, оның рухани саласына қалтқысыз қызмет еткен жомарт жүректі жақсы адамның бұл қазасы қабырғамызды қайыстырып кетті. Біздің бір көңілге медет ететініміз — Жарқын ағаның артында өлмейтұғын мұрасы қалды, — деп жазды министр.

Жарқын Шәкәрім 1947 жылы Аягөзде дүниеге келген. 1968 жылы Қарағанды музыка училищесін, 1973 жылы Алматы консерваториясын тәмамдады. 1973-1976 жылдары Мәскеудегі Бүкілодақтық «Мелодия» фирмасының Алматы күйтабаққа жазу студиясында аға редактор, 1976-1980 жылдары «Жалын» баспасында редактор, 1980-1982 жылдары Республикалық музыка аспаптары музейінің директоры, 1982-1983 жылдары Қазақ филармониясында күйші-лектор болып жұмыс істеді.

Өнертанушы 1983 жылдан Қазақ теледидарының музыка бағдарламалары бас редакциясының редакторы, бөлім меңгерушісі бола жүріп, «3амана бұлбұлдары», «Домбыра сазы», «Терме», «Шашу», «Музыкалық киножинама», «Күй-шежіре», «Інжу-маржан» сияқты хабарларды жарыққа шығарды.

Жарқын Шәкәрім 1974 жылы Әміре Қашаубаевтың 1925 жылы фонографқа жазылған «Ағаш аяқ», «Смет», «Бесқарагер», «Жалғыз арша», «Үш дос», «Балқадиша», «Дудар-ай» әндерін Мәскеудің Орталық архивінен тауып, бір жылдан соң Серке Қожамқұлов, Әлікей Марғүлан, Сапарғали Бегалин, Жүсіпбек Елебеков, Әнуарбек Байжанбаевтардың қатысуымен әйгілі әншінің күйтабағын автор ретінде жарыққа шығарды. Зерттеуші Әміре Қашаубаевтың бейітін тауып, оған тиісті күтім жасалуына да еңбек сіңірді.

Мәдениет қайраткері «Әміре», «Ән жұлдызы», «Амре Кашаубаев», «Малайсары биден Шәмілге дейін», «Ән асқары», «Құрманғазы», «Нұрғиса Тілендиев» атты кітаптар жазды.  «Қазақстан» РТРК» АҚ жобасы бойынша жарыққа шыққан «Мәңгілік сарын» қазақ күйлерінің антологиясының (255 күй) жауапты редакторы болды. Жарқын Шәкәрім ұмытыла бастаған көне саз аспабы — үш ішекті домбырада шебер орындаушы, оны насихаттаушы болды. Оның репертуарында «Жорға аю», «Көктөбел», «Кеңес», «Үзбе», «Толғау», «Қыз мұңы», «Қабанбай» сияқты халық қүйлері, Нұрғалидің «Көк қаршыға» күйі, өзі шығарған «Анадан аманат», «Абыралыдағы ата зары», «Дүние-кезек», тағы басқа композициялар бар.

Жарқын Шәкәрім 1980 жылы «Сазген» фольклорлық ансамблінің негізін қалады.

Ардақты ағамыз шынында да бәріміз жақсы көрген абзал азамат еді. Ол өзінің барынша адал да таза қалпымен, ақжарқын да жайдары мінезімен жанымызға жақын болды. Нұры пейіште шалқысын. Қазақ руханиятына жасаған адал қызметі ешқашан ұмытылмайды, — деп жазды Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!