Астаналықтар қазақ руханиятындағы 5 ұлы тұлғаны еске алды

Астана әкімдігі тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының және «Руханият» орталығының ұйымдастыруымен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығына, Халел Досмұхамедұлының 135 жылдығына, Әміре Қашаубаевтың 130 жылдығы және Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығына арналған «Ұлылыққа тағзым» атты тарихи-танымдық кеш өтті.

Мақсаты — «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда тарихи тұлғалардың есімін, еңбегін ұлықтау, сол арқылы жас ұрпақты ұлтын сүюге тәрбиелеу, таным көкжиегін кеңейту, Астананың 20 жылдығы аясында қала жастарының білімін шыңдау.

Қазақ руханиятының алтын арқауы — біздің рухани көшіміздің алдында тұрған осы тұлғаларымызға тағзым ету, оларды ұлықтау, мұрасын ұрпақ санасына сіңіру — парыз. Жалпы «Руханият» орталығы ашылғаннан бері ұлыларды ұлықтап келеді. Жақында Мағжан Жұмабайұлының, Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығына арналған рухани танымдық іс-шара өткіздік, енді осы бес тұлғаны таңдап, «Ұлылыққа тағзым» деген үлкен рухани кеш ұйымдастырылып отыр. Біз өзіміздің ортамызда, Астананың төңірегінде жастарды осы рухани бағытқа жол сілтеу арқылы ұлттың иммунитетін қалыптастыра беруді көздейміз. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мақсаты да — осы, яғни ұрпақтар сабақтастығы, патриот жастарды көбейту. Олардың арасында береке-бірлікті нығайту. Елбасы Жолдауында ұстаздардың мәртебесіне қатты мән берді. Бұл тұлғалардың әрқайсы да — өз дәуірінде ұлттың ұстазы болған азаматтар. Бұл бес тұлғамыздың бағыты, өмірлік мұраты мен ұстанымы бір болғаннан кейін біз оларды бір арнаға тоғыстырып, бір кеште  қамтуды жөн санадық, — деді «Руханият» мемлекеттік мекемесінің басшысы Ержан Еңсебай.

"Ұлылыққа тағзым" тарихи-танымдық кеші
«Ұлылыққа тағзым» тарихи-танымдық кеші. Фото: Ерлан Омаров

Қазақ шын мәнінде қалай өмір сүреді? Біз қалай өзіміздің адамшылық қасиетімізді сақтап қаламыз? Ең бастысы қалай мемлекетімізді сақтап қаламыз? Бұл — «Ұлылыққа тағзым» тарихи-танымдық кешінде ұлықталған ұлыларымыздың шығармашылығына арқау болған сауалдар.

Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының әртістері көрерменді бір сәтке сол заманға апарып Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Хәлел Досмұхамедұлы, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы монологын, Әміре Қашаубайұлының қара домбырамен салған әнін тыңдатты.

"Ұлылыққа тағзым" тарихи-танымдық кеші
«Ұлылыққа тағзым» тарихи-танымдық кеші. Фото: Ерлан Омаров

Кештің салтанатты ашылу рәсімінен кейін қонақтар ұлылардың өмірбаяны мен бұрын-соңды айтылмаған тың деректерді ғалымдардан естіп, толғандырған сұрақтарына жауап ала алды.

Омар Жәлел
Омар Жәлел. Фото: Ерлан Омаров

Шәкәрім атамыз «Бас көзі жабылады, көңіл көзі жабылмайды» дейді. Тіпті, ұйықтап жатқанда біз ойлап жатамыз. Соны Шәкәрім атамыз «Ойды қайдан алғанын адам өзі сезбейді, Жанның айдап салғанын сезбесе де, іздейді» дейді. Сонда «Жан неге іздейді? Нені іздейді?» дегенде Шәкәрім «Асыл іздеп, асылды аласұрар» дейді. «Асыл» деген араб тілінен аударғанда «түпнұсқа», «оригинал» деген мағынаны білдіреді. Сонда қазақ тіліндегі «Асыл», «Асыл жігіт», «Асыл адам» дегендер адамның жанына ғана қатысты айтылған сөздер екен. Біздің екінші бір қасиетіміз бар тайқып кететін, сөзімізде тұрмайтын, ол — біздің денеміз. Денеміздің жаны. Оны «нәпсі» дейді дінде. Сол айнығыш, тойған бойда өзінің діттеген мақсатына жеткен бойда айнып шыға келетін, сондай бір бүкіл біздің жамандығымыздың, жаман мінезіміздің барлығының қайнар көзі, біздің денеміздің нәпсісі — айнығыш. Ал асылымыз — жанымыз. Сондықтан біз қандай да бір адам сөзінде тұрса, өсек айтпаса, ғайбат айтпаса, жауапкершілікпен алған міндетін соңына дейін жеткізсе, «Әй, өзі бір асыл адам» деп айтамыз. Сол асыл жанымыз өзінің тағы бір асылын іздейді екен. Сөйтсе, ол Құдайды іздейді екен. Шәкәрімнің «Асыл іздеп, асылды аласұрар» дегені сонда біздің осы өмірдегі өзіміз сезбейтін талпыныстарымыздың барлығы сол асылды, яғни Құдайды іздеу екен. Өзінің шын жан азығын тапқан Шәкәрім ешнәрсеге қараған жоқ. Ол саят құруға кетіп қалды да, өзінің жиған-тергенін, яғни өзінің тапқан асылын бізге тастап кетті және Шәкәрім атамыз бізге асылымызды тауып, білім жинап, ол білімді дұрыс бағытта пайдалана білуді көрсетіп, «Шын ақылмен таппаған дін дін емес, ол — жындылық» екенін тағы ескертіп кетті, — деді абайтанушы, шәкәрімтанушы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Алаш институтының ғылыми қызметкері Омар Жәлел.

Берік Әбдіғали
Берік Әбдіғали. Фото: Ерлан Омаров

Бұл тұлғаларға қарасаңыз, біреуі имандылықты, біреуі адамгершілікті, біреуі мемлекетке қызмет ету, тағы біреуі патриотизмді насихаттайды. Мұндай мерейтойлық кештер жиі өтеді. Бірақ оны той-думанмен емес, бүгінгідей оларды танып-білуге арналға, нағыз рухани құндылығы сонда арта түседі. Бүгін есімі аталып жатқан әрбір тұлға туралы көп айтуға болады. Бұл тұлғалардың әрқайсысының ерекшелігі ел үшін өзіне жауапкершілік ала білгендігінде. Өкінішке қарай, біз әлі күнге дейін оларды толық танымаймыз. Халел Досмұхамедов Алаш арыстарының, Алашорда үкіметінің үлкен тұлғаларының арасындағы ғалым ретінде ғана емес, қайраткерлігімен де, зерттеушілігімен де ерекше орын алады. Ол 1909 жылы Санкт-Петербургтегі әскери академия бітіріп, еліне оралып қызметтік жолын бастайды. Зерттеумен айналыса бастайды. Хәлелдің еңбектері әлі күнге дейін өзекті. Себебі ол адамның жанына, жануар мен табиғатқа байланысты зерттеулер жазды, қазақтың алғаш жаралытыстану ғылымына арналған еңбектер жазды. Ол — өлкетанушы, этнограф әрі энциклопедист ғалым да. Алашордашылардың сол заманың қоғамынан бөлінгендігі қалай қазақты қазақ қыламыз, қалай оятамыз деген ойларынан туындады. «Оян, Қазақ!» дегенді Міржақып Дулатов қана айтқан жоқ. Қалың ұйқыда жатқан қазақ туралы Ахмет Байтұрсынұлының да, Мағжанның да, Сұлтанмахмұтыің да, Шәкәрімнің де шығармаларында баяндалады. Бұлай жүре берсек, дамудан кенже қаламыз деп әрқайсысы өзінің еңбектерімен қазаққа қызмет етті. Әрқайсының артында еңбегі қалды. Біз осылардың ұлылығын, зиялылығын аңсаймыз, бұлар — біз үшін жол көрсететін темірқазық. Өйткені олардың еңбектері билікке, саясатқа қатысты емес, елге қызмет етуге арналған. Мәселен, ХХ ғасырда мойнына жауапкершілік алған тұлғалар — осылар. Ресейде революция болып, аласапыран заман болғанда ертеңгі күні белгісіз, азамат соғысы басталып кетті. Қызылдар мен ақтар бір-бірімен соғысып жатты. Сол кезде қазақ елінде осы азаматтар милиция құрды, елді аман алып қалуға әрекет жасады. Батыс Қазақстанда алғашқы қырғын соғыстар басталды. Милициядан кейін қызылдардың қырғанынан қорғану үшін Алаш әскері құрылды. Алашорданың орталығы Семейде болса, Батыс Қазақстанмен байланыс үзіліп қалғаннан кейін  ол жақта Халел Досмұхамедов пен Жаһанша Досмұхамедов Алашорданың батыс бөлімшесін құрды. Осы тұлғалар біз қайда жүрсек те, үлгі болуы тиіс. Жүрген жерімізде ұмытпай, айтқандарын, жазғандарын насихаттап жүрсек, еліміз де, тәуелсіздігіміз де барлығы баянды болады, — деді «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғали.

Нартай Жүсіп
Нартай Жүсіп. Фото Ерлан Омаров

«Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларының аясында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 20 томдығы шықты. Әлі де шықпаған 10 томдық еңбегі бар. Оның ақындығы бір бөлек, тарихқа, этнографияға, философияға қатысты еңбектерін айта берсек, көп. Адам Жүсіп өмір бойы халық үшін қызмет етіп, балалар сияқты ойнап-күлген емес. Өмір бойы қағазбен, біліммен, ғылыммен айналысқан. Көпей атасы кезінде 5 жасар Адам Жүсіпті медресеге бергенде «Адамға мал жолдас болмайды, ғылым жолдас болады» деп өсиет еткен. Сондықтан мен қазір ғылым мен білімнің заманы екенін жастарға жеткізгім келеді. Ол кісі Бұхара-Ташкент-Самарқанд сапарында жүргенде біреу жолдан моншаға түсіреді. Ертеңіне сол жерге қайтып келсе, ақсақал да, монша да жоқ. Маңайдағы қариялар «Ол жер әулие кісінің зираты еді, ол кісінің саған ілтипаты түсіп, саған бата берген» дейді. Сонда Мәшһүр Жүсіп ол кісі кетіп бара жатқанда 73 деген санды айтқаны есіне түсіп, 73 деген күн ба, ай ма деп қатты уайымдайды. Содан Алла Тағала маған 73 жыл ғұмыр бер деп тілейді. Өлеңдерінде «73-ке дейін балталасаң да, өлмеймін, 73-тен кейін ары қарай сүйресең де, бармаймын» дегені сол екен. Ол кісі елдің арасында өзінің атын жасырып атым Мүсәпір, әкемнің аты Жолаушы деп жүретін. Айтқанындай, 73 жасқа келгенде өзін жерлейтін орынды дайындап, кейбір деректерде бір ғасыр бойы, өзге деректерде 40 жыл бойы «Алланың құдіретін көрсетемін, менің денем шірімейді» деп, туыстарына жаз уақытында аптасына 3 рет, ал қыстыгүні мүмкіндікке қарай кебінді ауыстырып тұрсын деп өсиет еткен екен. 21 жыл өткенде жоғарғы жақтан нұсқау келіп зиратты қиратып, ішіне адам түсе алмай қалады. 32 жылы ашаршылық болатынын білген шығар, көзі тірісінде ас берген екен. Жалпы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің өміріне қатысты дерек елдің арасында өте көп, қазіргі уақытта біз оның барлық мұрасын шығардық деп айта алмаймыз, себебі аударуды қажет ететін түпнұсқа қолжазбалары да көп. Елдің арасына тарап кеткен еңбектері де мол. Ендігі алда тұрған үлкен жұмыс — солардың барлығын бір орталықта жинақтау, — деді Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шөбересі, филология ғылымдарының докторы Нартай Жүсіп.

Жарқын Шәкәрім
Жарқын Шәкәрім. Фото: Ерлан Омаров

Әміре туралы айтқанда «Әміренің феномені не?» деген заңды сұрақ туады. Әміре — көп сөйлемеген адам. Қалибек Қуанышбаев «Екі естелік» деген мақаласында Әміренің жанында отырып, «әй, Әміре, 1-2 ауыз сөз айтшы бір, мына концертке қатысып жатырсың» десе, сөйлемейді дейді. Әміренің әншілік қасиеті сол кездегі қазақ музыкасына өзгеріс алып келді. Құбылыс жасады. Небәрі 47 жыл өмір сүрді. Соның 37 жылын жақсы өмір сүрді деуге келеді. Ол Исабек деген байдың малын бағып күн көріп, Семейге кетеді. Сол Семейде 1925 жылы әншілер байқауына қатысып, сонда Қали Байжанұлы екеуі бірінші орынды жеңіп алады да, Орынборға келіп, одан Ақмешітке барады, содан әнші Әміренің асқақ аты шыға берген. Мұстафа Шоқаймен жолыққаны үшін «ОГПУ-дың» тізіміне ілігіп, 1925 жылдан 1934 жылға дейін құсалық күйге түседі. «КГБ» деген 1990 жылдарға дейін болды ғой. Сол жылдарға дейін Әміренің есімі аталмады. 1974 жылы мен қырғыз мұрағатынан «Киргиз Амре Кашаубаев» деген жазбаны қолыма түсіріп, даусын сол жерден тауып, реставрация жасап алып келдім. Кейінгі жылдары Әміреге Семейде ескерткіш қойылды, байқаулар ұйымдастырыла басталды. Өзім 6 кітап жазғанмын. Соның «Ән атасы — Әміре», «Әміре — Париж» деген кітабымның желісі бойынша былтыр Голливудтың режиссеры Джеф Веспа кино түсірді, — деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жарқын Шәкәрім кеште мұрасы еске алынған тағы бір ұлы тұлға жайында.

Фото: Ерлан Омаров
Фото: Ерлан Омаров

Сұлтанмахмұт Торайғыров 27 жыл ғана өмір сүрсе де, артында классикалық романдар, поэмалар, керемет көсемсөздер, публицистикалық мақалалар қалды. Оның еңбектері ойшылдыққа, сыршылдыққа, сыншылдыққа, тарихшылыққа, сезімге құрылған. Сұлтанмахмұттың 1919 жылдары 26 жасында жазған қала ақыны мен дала ақынының айтысы түріндегі «Айтыс» деген шығармасы бар. Ел ішінде Мәшһүр Жүсіп атамыздың «Торайғырдың Сұлтанмахмұты — қазақтың Жүсіп Баласағұны» деген сөзі бар. Баласағұнның «Құтты білігін» білесіңдер. Ол — мемлекеттің тәртібі, дәстүрі, тарихы, қағидаттары. Ал қала ақыны мен дала ақынының айтысы деген — бұл қазақ өмірінің энциклопедиясы. Қазақтың көркемдік ойының антологиясы деуге болады. Сұлтанмахмұт — махаббат лирикасын да көп жазған адам, — дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов.

Тарихи-танымдық кешті Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Халел Досмұхамедұлы, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы мен Әміре Қашаубайұлының шығармаларын жатқа оқыған оқушылар қорытындылады.

Айнұр Марат