Талғат Ешенқұлов Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы болды

ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығымен Талғат Ілиясұлы Ешенқұлов ведомствоның Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Талғат Ешенқұлов 1978 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. 1999 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін, 2010 жылы Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ұлттық мемлекеттік саясат мектебін тәмамдаған. Экономика және құқықтану салаларындағы маман біліктілігіне, «Мемлекеттік және жергілікті басқару» бейіні бойынша PhD докторы дәрежесіне ие. Мемлекеттік басқару және білім беру жүйесін дамыту саласында 2 оқу құралы мен 19 ғылыми мақаланың тең авторы.

2006-2012 жылдары Индиана университетінде (АҚШ), Сингапур Ұлттық университетінің Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебінде, Дьюк Университетінің Сэндфорд мемлекеттік саясат мектебінде (АҚШ), Нидерланды мемлекеттік басқару институтында, Оңтүстік Корея мемлекеттік аудит институтында мемлекетік басқару және аудит мәселелері бойынша оқыту бағдарламаларынан өткен.

Еңбек жолын 2000 жылы сот жүйесі органдарынан бастаған. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінде, ҚР Жоғарғы сотында, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінде түрлі басқарушылық қызмет атқарған. 2007-2011 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқықтарын қорғау комитетінің Жамбыл облысындағы балалар құқықтарын қорғау департаментін басқарды.

Талғат Ешенқұлов 2016 жылы шілдеде Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. 2018 жылдың 7 наурызы мен 2018 жылдың 13 қыркүйегі аралығында негізгі қызметкердің әлеуметтік демалысы кезінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі лауазымын атқарды. 2018 жылғы 14 қыркүйектен бастап Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы болды. 2019 жылғы ақпаннан бастап ҚР Білім және ғылым вице-министрі қызметін атқарды.