Талғат Ешенқұлов қайтадан Білім және ғылым вице-министрі болды

Талғат Ешенқұлов Білім және ғылым вице-министрі болып тағайындалды. Бұл туралы ведомство өзінің Facebook-тегі ресми парақшасында хабарлады.

ҚР Үкіметінің қаулысымен Талғат Ешенқұлов ҚР Білім және ғылым вице-министрі болып тағайындалды. Министр Ерлан Сағадиевтің бұйрығымен Талғат Ілиясұлы жоғары білім және ғылым саласындағы мәселермен айналысады, —  делінген хабарламада.

Талғат Ешенқұлов 1978 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. 1999 жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін, 2000 жылы «Қайнар» университетін, 2010 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған.

Ведомствоның мәліметінше, ол — экономист, заңгер, мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі, мемлекеттік және жергілікті басқару бағыты бойынша доктор (PhD). Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде сөйлейді.

Еңбек жолын 1997 жылы Тараздағы «Алма» АҚ-да бастаған, Жамбыл облысы әділет басқармасында, Қаржы министрлігінде, Білім және ғылым министрлігінде, Жоғарғы Кеңесте, Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде, ҚР Есеп комитетінде түрлі лауазымда болды. 2018 жылы ол Эльмира Суханбердиева бала күтіміне байланысты демалыста болған кезде Білім және ғылым министрінің орынбасары қызметін уақытша атқарды.

Тағайындалғанға дейін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасы болды.