Ғалымжан Әбдірайымов Талдықорған әкімі болып тағайындалды

Талдықорғанға жаңа әкім тағайындалды. Ғалымжан Әбдірайымов бұған дейін Таразды басқарған.

Облыс орталығы әкімінің баспасөз хатшысы Данияр Жаныстың хабарлауынша, 12 сәуірде өңір басшысы Амандық Баталов Талдықорған активіне қаланың жаңа басшысын таныстырды.

Дастан Шалтабаев жаңа қызметке ауысты. Жалпы, ол жақсы жұмыс істеді. Әсіресе, құрылыс пен коммуналдық шаруашылық саласындағы оң өзгерістер қуантады. Ал жаңа әкім инвесторлармен, халықпен жұмысты жолға қоюы керек. Газдандыруды жандандыруы қажет. Қоғамдық көлік мәселесін шешуіміз қажет, — деді Амандық Баталов.

Ғалымжан Әбдірайымов 1965 жылы туған. 1988 жылы Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтын инженер-құрылысшы, 2003 жылы «Тұран» университетін құқықтану мамандықтары бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1987 жылы Жамбыл облысындағы Шығыс ұжымшарында құрылыс учаскесінің мастері болып бастаған. 1991-1998 жылдары Луговой аудандық атқару комитеті жанындағы сәулет-жоспарлау бюросының техник-құрылысшысы, «Алрай» шаруа қожалығының төрағасы, «Альтаир» ЖШС сәулет-құрылыс фирмасының атқарушы директоры, 1998-2002 жылдары Алматы орталық лицензиялау, сәулет-қала құрылысы қызметінің сарапшысы, бас маманы, бөлім бастығы, директоры, 2002-2003 жылдары Алматы облысы бойынша сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау аумақтық басқармасының бастығы, Астана бойынша индустрия, сауда және шағын бизнесті қолдау департаменті директорының орынбасары болып қызмет етті.

2003-2009 жылдары ол Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы, 2009-2013 жылдары ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінде басқарма басшысы, департамент директоры — мемлекеттік құрылыс инспекторы, 2013-2014 жылдары ҚР Өңірлік даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары, 2014-2015 жылдары Алматы облысы әкімі аппаратының басшысы, 2015-2017 жылдары Алматы облысы әкімінің орынбасары, 2017-2018 жылдары Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді.

2018 жылдың 28 сәуірінде Тараз әкімі болып тағайындалды.