Жастардың зорлық-зомбылық қаупі тақырыбындағы үздік комикстері анықталды

Байқауға Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы кескіндеме, мүсін және дизайн факультетінің, Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің және Шымкенттегі Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің студенттері қатысты.

Байқауға аталған оқу орындарының 1-4-курстарында оқитын студенттердің 100-ден астам шығармашылық жұмысы келіп түсті.

Комикстер байқауы
Фото: Жәнібек Нұрыш

Байқау жеңімпаздары әр колледж бойынша жеке-жеке анықталды.

Шымкенттегі Ә. Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінен қазылар алқасы анимациялық графика кафедрасының 1-курсында оқитын бес студенті мен осы колледждің станок кескіндемесі кафедрасының 3-курс студентін жеңімпаз деп тапты.

Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің анимациялық графика кафедрасының 1-курсында оқитын Нұри Рамазан, Бекасыл Асқаров, Бақбаян Тұрысбек сияқты студенттердің жұмысы да үздік деп бағаланды.

Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн мектебінің технология және дизайн кафедрасының 2-курс студенті Әйгерім Оразова байқаудың ең жас жеңімпазы атанды.

Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясынан станок кескіндемесі кафедрасының 5-курс студенті Шалқар Тұрғынов пен монумент кескіндемесі кафедрасының екі студенті Әйгерім Омаркүл мен Әйгерім Сексенбаева жеңімпаз болды.

Жеңімпаздарды марапаттау салтанатына Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының шығармашылық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, философия докторы (PhD) Сәкен Майғазиев қатысып, жастарды зорлық-зомбылыққа бастайтын экстремистік ұйымдарға тарту қаупінің маңызына тоқталды. Ол байқауды ұйымдастырушы «Интерньюс Еуропа» ұйымының жастар арасында медиасауатты арттырудағы жұмысына сәттілік тіледі.

Экстремизм діни ғана емес, саяси да болуы мүмкін. Отбасында да, қоғамда да болуы мүмкін. Соның алдын алу үшін өткізіліп жатқан байқаудың сәтті өткізілуі біз үшін — қуаныш. Жастарды түрлі теріс ағымнан сақтандыруға арналған байқау болды. Білімді арттыруға бағытталған байқау нәтижесінде сызылған комикстердің оқырманы көп болатынына, жастарға жететініне сенемін, — дейді Сәкен Майғазиев.

Комикстер байқауы
Фото: Жәнібек Нұрыш

О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде байқау қорытындысы бойынша графикалық дизайн мамандығының 4-курсында оқитын Іңкәр Раисова мен көркем тоқымашылық мамандығының 3-курсында оқитын Александра Королькованың жұмыстары үздік деп танылды.

Барлығы 10 жеңімпаз дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Барлық белсенді қатысушыға алғысхаттар берілді.

Байқауды ұйымдастыру комитетінің жетекшісі Бақтыгүл Бурбаеваның айтуынша, енді 10 жеңімпаз 10 оқиға бойынша комикс стилінде сурет салады.

Комикстер байқауы
Фото: Жәнібек Нұрыш

Бұл жұмыстардың барлығы да шын оқиғаға негізделіп жасалған. Оларда қазақстандық отбасылардың зорлық-зомбылық экстремизмі ұйымдарына тартылып, құрбанына айналуы айтылған. Өзбекстандық серіктестерімізбен бірлесіп, Қазақстанда алғашқылардың бірі болып веб-комикстер жасап, оны YouТube-тегі каналда жариялаймыз. Осы канал арқылы Қазақстан мен Өзбекстанның мыңдаған жасы, студенттері қамтылады. Олар құрбы-құрдастарының зорлық-зомбылық экстремизмі ұйымдарына қалай тартылып, құрбанына айналғанын біледі. Жаңа буын өзгенің қатесінен сабақ алып, сақтанатынына сенеміз. Бұл каналдағы веб-комикстер алдағы уақытта Қазақстан мен Өзбекстанның университеттерінде, колледждері мен мектептерінде оқу құралы ретінде пайдаға асатынынан үміттіміз, — дейді Бақтыгүл Бурбаева.

«Тағдыр бейнесі» жобасы Еуроодақтың қаржылай қолдауымен «Орталық Азияда тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау» жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Оның мақсаты — жасөспірімдер мен жастардың медиасауатын арттыра отырып, олардың арасында зорлық-зомбылық экстремизмін болдырмауға ықпал ету.