ҚР Президентін кезектен тыс сайлауға кандидаттар ұсыну 10 сәуірде басталып, 28 сәуір күні сағат 18.00-де аяқталады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров хабарлады.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 55-бабының 1-тармағына сәйкес президенттікке кандидаттар ұсыну құқығы белгіленген тәртіппен тіркелген қоғамдық бірлестіктерге тиесілі. Ұсыну туралы шешім республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғарғы органы мүшелерінің жалпы санының көп дауысымен қабылданады. Кандидаттардың Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігін Орталық сайлау комиссиясы республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғарғы органының кандидатты ұсыну туралы отырысының хаттамасының көшірмесін кандидаттың сайлауға қатысу туралы өтінішімен және оның сайлау жарнасын төлегенін растайтын құжатпен бірге ұсынғанынан кейін бес күн ішінде анықтайды, — деді Константин Петров.
Орталық сайлау комиссиясы төрағасы орынбасарының айтуынша, кандидаттар үшін сайлауға қатысудың ең төменгі жарнасы еліміздегі ең төменгі жалақының 50 еселенген сомасына тең, яғни 2 миллион 125 мың теңге. Сайлауда жеңіп шыққан немесе 5%-дан жоғары дауыс жинаған кандидатқа сайлау жарнасы қайтарылады.
Кандидат туғаннан Қазақстан азаматы болуы керек және соңғы 15 жылда ҚР аумағында тұрған болуы керек, бұған қоса, жоғары білімі, 40 жастан асқан, белсенді сайлау құқығына ие, мемлекеттік қызметте немесе сайлау лауазымдарында 5 жылдан кем емес тәжірибесі бар, мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін адам болуы шарт.
Президенттікке кандидаттарды қолдау 2 не 3 облыста, республикалық маңызы бар қалада және астанада тұратын сайлаушылардың 1%-дан кем емес қолын жинау арқылы расталуы керек. 2019 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша ҚР ОСК сайлаушылар реестріне дауыс беру құқығына ие 11 814 019 азамат тіркелген. Осылайша әр кандидатты қолдау үшін сайлаушылардың расталған 118 140 қолы жиналуы тиіс. Қол қою парағы кандидатқа оның Конституция мен Конституциялық заң талаптарына сәйкестігі анықталғаннан кейінгі 5 күн ішінде беріледі. Қолды президенттікке кандидаттардың сенімді тұлғалары жинай алады. Сенімді тұлғаларды тіркеумен және жиналған қолдың растығын тексерумен аумақтық сайлау комиссиялары азаматтардың хал актілерін тіркеу қызметкерлерімен бірге айналысады, — деді Константин Петров.
Орталық сайлау комиссиясы өкілінің айтуынша, президенттікке кандидат ретінде ұсынылғандарды тіркеу үшін олардың және олардың заңды жұбайларының ұсынылған айдың алғашқы күніндегі, яғни 2019 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша табысы мен мүлкі туралы декларация тапсырғанын растайтын анықтамасы және олардың денсаулығы туралы медициналық қорытынды қажет болады.
Кандидаттарды тіркеу 2019 жылдың 11 мамыры күнгі сағат 18.00-ге дейін созылады. Мемлекеттік органдар тапсырылған табыс пен мүлік туралы декларациядан жалған мәлімет анықтаған жағдайда Орталық сайлау комиссиясы кандидатты тіркеуден бас тарта алады.
Сайлауалды үгіт-насихат тіркеу кезеңі аяқталғаннан кейін басталып, дауыс беру басталатын күнгі сағат 00.00-ден, яғни 8 маусым күнгі сағат 00.00-ге дейін жалғасады. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабының 3-тармағына сәйкес ҚР президенттігіне тіркелген кандидаттарға эфир мен баспасөз алаңын ұсыну төлемінің көлемі, шарты мен тәртібі туралы мәлімет сайлауалды үгіт-насихат басталардан 5 күннен кем емес уақытта, яғни 2019 жылдың 5 мамырына дейін хабарланып, жариялануы керек, — деді ОСК төрағасының орынбасары.
Дауыс беру 9 маусым күні Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 07.00-ден 20.00-ға дейін жалғасады. Дауыс беру аяқталғаннан кейін 12 сағаттан кем емес уақыт ішінде сайлау учаскелерінде берілген дауыс есептеледі. Әкімшілік-аумақтық бөлімдер бойынша дауыстарды жинау қорытындысы аумақтық сайлау комиссияларының отырысында шығарылып, екі күн мерзім ішінде (11 маусымға дейін) Орталық сайлау комиссиясына тапсырылады. Орталық сайлау комиссиясының сайлау қорытындысын анықтап, жариялауына және сайланған Президентті тіркеуіне 7 күн мерзім қарастырылған.
28 мамырдан бастап әр азамат өзінің сайлаушылар тізімінде бар-жоғын тексере алады. Дауыс беру қорытындысы 2019 жылдың 16 маусымына дейін белгілі болады, — деді Константин Петров.