Әртүрлі саладағы 6 компанияны басқарамын

16 жасымнан кәсіппен айналысып келемін. Қазір қоластымда алты компания жұмыс істейді. Біздің компаниялар Қазақстанда ғана емес, Қырғызстанда, Өзбекстанда, Ресейде жұмыс істейді.

Біріншісі — жасыл технологиялар компаниясы. Компания гидропоника қондырғыларын шығарады. Бұл қондырғы жеті күн ішінде 1 келі бидайдан 6 келі жасыл шөп өсіреді. Ол көбіне қыста пайдалануға арналған. Қазақтар 100 жыл бұрын малды қалай бақса, әлі солай бағып келеді. Малды жайылымға жіберіп қойып, соңынан жүреді, бар жүйкесін құртады. Оның орнына гидропоника технологиясын қолданса, жаз бойы шөп шауып, оны тасып, қыс бойы «Шөп жетпей қала ма?» деп қорықпайтын еді. Бұл құралдар жасыл шөпті 365 күн бойы береді және барлық пайдалы элементі сақталады. Соның арқасында қыстыгүні етті 10%-ға, сүтті 15%-ға көбейтуге болады. Қазір бұл құрылғыны Қазақстанда ғана емес, Ресейде, Украина мен Арменияда да сатып жатырмыз. Осы кәсіпті бастау үшін 2014 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бойынша 3 миллион теңге грант ұтып алдым.

Арман Тосканбаев
Арман Тосканбаев. Фото жеке архивінен

Әріптесім Айбек Есенов екеуіміз бірлесіп 2015 жылы сағат шығаратын OTAN компаниясын құрдық. Бұл — екінші кәсіпорын. Елтаңбамыз бейнеленген сағат қазақы нақышта жасалады. Сағат бөлшектері шетелден әкелінгенімен Қазақстанда құрастырылады. Оның бағасы 100 мың теңгеден басталып, одан ары қымбаттай береді. Оны интернет-дүкеннен де несиге сатып алуға болады. Бұл сағат 2016 жылы 1 желтоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сыйланғаннан кейін танымал бола бастады. Біздің сағаттың Қазақстан нарығында қытайлық көшірмесі де бар. Ол 5-7 мың теңгеден сатылады. Олар — дизайнын бізден көшірілген, сапасы төмен сағаттар. Қазір көбі біздің сағаттарды көшірмесімен шатастырып алады.

Отан сағат
Фото: 100esim.el.kz

Үшіншісі — криптовалюта сақтайтын әмиян шығаратын компания. Криптовалюта сақталатын әмиянды «Салқын әмиян» деп атайды. Бұл қондырғы USB-флеш сияқты. Біз оны Cerber деп атадық. Біздің қондырғы Еуропа елдеріне, Ресейге сатылып жатыр. Қазіргі криптовалюта нарығында осындай қондырғылар жетіспейді. Әлем бойынша криптовалюта әмияндарын шығаратын 3-4 компания бар. Соның бірі — біздікі.

Төртінші компания Zertis деп аталады. Оны 2016 жылы Startup Bolashak жобалар конкурсына қатысып, Диас Тастанбеков деген әріптесіміз екеуіміз аштық. Zertis жылыжаймен айналысады. Жылыжай Алматы облысында орналасқан. Бірінші компанияда мал азығы өсірілсе, мұнда аэропоника технологиясы бойынша насыбайгүл (базилик), рукола сияқты өсімдік өсіреміз. Олар төрт сатыда өседі. Бұның артықшылығының бірі — топырақсыз өседі. Біздің өсімдіктерді ешқандай паразит жемейді. Сондықтан оны өсіру кезінде химикат қосылмайды. Өсімдік тек экологиялық таза күйінде өседі. Оны қазақстандық кафе-мейрамханалар сатып алады. Бізге дейін бұл өсімдіктерді мамандар шетелден ұшақпен алдырып келген. Бұл компанияда бес адам болып жұмыс істейміз. Олар: «Верный Капитал» компаниясының бас директоры Ерлан Оспанов, Q3 Worldwide холдингінің негізін қалаушы Қайрат Құдайберген, «Голландский цветочник» гүлдер дүкені желісінің директоры Данияр Абдулғафаров және Диас Тастанбеков.

zertis
Фото: Edu.zertis.kz

2017 жылы Асқар мен Әскербек деген жігіттер маған келіп, кәсіп ашқысы келетінін, тәжірибе беруімді сұрады. Солардың ұсынысымен MAD Company компаниясын аштық. Компания архитектура жобаларымен айналысады. Тұрғын үйлер макетін, ішкі, сыртқы дизайнын жасайды. Штатта 10-нан астам адам қызмет атқарады. Қазіргі уақытта BI Group, RAMS Qazaqstan, «Диал-Строй» құрылыс компанияларымен бірге жұмыс істейді.

Соңғы ашқан Marine Health компаниясы биологиялық актив қоспалармен айналысады. Теңіз өнімдерінің сығындысынан жасалған қоспаларды сатамыз. Компания Қазақстанда, Қырғызстан мен Өзбекстанда жұмыс істейді. Мұнда қазір 2 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Қазір 35 тауарымыз бар. Сатылымы да жақсы. Бұл кәсіп ең әуелі қаржы табу мақсатында емес, адамдардың денсаулығын жақсарту ниетімен басталған еді.

m health
Фото жеке архивінен

Менің бұл компаниялардағы міндетім — бизнесті аяққа тұрғызу, айналымға шығару, команда құру, бағыт беру және алға жылжыту. Қалған жұмысты әрптестерім атқарады. Әр компанияның атқарушы директорлары бар.

Үлкен жауапкершілікті сезінемін

Компанияларымның қазіргі қаржы айналымы 2-3 миллион доллардан асады. Барлығын есептегенде штатта 50-ден астам адам жұмыс істейді. Қалған жұмысты көбіне аутсорсинг компанияларға тапсырамын. Соларды қосқанда 200-ге жуық азаматты жұмыспен қамтып отырмыз.

Zertis компаниясы Көкшетау, Қостанай, Қарағанды облыстары мен Нұр-Сұлтанда оқушыларға арналған гидропоника сыныптарын орнатты. Қазіргі уақытта 12-ге жуық сыныпта оқушылар жылыжай мен жалпы ауыл шаруашылығы бойынша біз қолға алған жұмысты, инновацияларды оқып-үйреніп жатыр. 7-8-9-сынып оқушылары өсімдікті топырақсыз өсірудің жолдарын үйреніп, өсімдікке қажет қоректі біліп, сабақта тәжірибе жасайды. Мұндай сыныптардың санын көбейту жоспарда бар.

Маған әлеуметтік желіде жастар көп жазады. Олардың көбі кәсіп бойынша тәжірибе алмасуымды сұрайды. «Бизнесті неден бастасам болады? Әріптестермен қалай жұмыс істеу керек?» деген сияқты сұрақтар қояды. Олардың бәріне жауап беруге көп уақыт кетеді. Сондықтан бизнестегі тәжірибем туралы «Идеядан бизнеске дейін» атты кітап жаздым. Қазір электрон нұсқасы тегін таратылып жатыр.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасынан кейін өзіме үлкен жауапкершілік артылғанын сезіндім. Біз жастарға үлгі болуымыз керек.

Арман Тосканбаев
Арман Тосканбаев. Фото: SZH.kz

Бизнестің нағыз табысты көзі — инновация

Қазақстанда ғылым бар жерде бәсеке аз. Кәсіпкермін деп жүргендердің көбі шетелден зат әкеліп сатады немесе шетелдік франшизаны осы жақта дамытып жатыр. Бірақ ғылыми жұмысты бизнеске айналдырғандар өте аз. Қазақстанда ғылым жоқ емес, институттар мен университеттерде қаншама химик, физик, радиотехник тағы басқа мамандар ғылыми жұмысымен айналысып жатыр. Соның ішінен бизнеске айналдыруға болатынын таңдай білу қажет. Шынымен Қазақстан ғылымында бәсеке жоқ, жақсы перспектива бар. Мысалы, аэропоника жылыжайымен және гидропоника қондырғыларымен Қазақстанда бізден басқа ешкім айналыспайды. Дәл қазіргі уақытта бизнестің нағыз табысты көзі — инновация.

Ғылым дамымаса, өмір бойы тұтынушы боламыз

Қазақстанның негізгі энергия ресурсы мұнай мен көмір екені жасырын емес. Бірақ қазір әлемде жасыл энергияға көшу тенденциясы бар. Біз де қазір Күн, су мен желдің энергиясын алуды қолға алсақ, ешкімнен қалмаймыз. Егер қалып қойсақ, басқа біреудің жасыл технологиясын сатып алып, бұл салада да тек тұтынушыға айналамыз. Мысалы, Қытай Күн энергиясын өндіру бойынша Қазақстаннан 20 жылға озып отыр. Біз қазір мұнай мен көмірден ары аса алмасақ, тағы да 5-10 жыл жоғалтамыз. Ерте ме, кеш пе, мұнай тапшылығы болуы мүмкін немесе әлем нарығында мұнайды жасыл энергетика алмастырады. Бұған әлемде болып жатқан тенденция дәлел болады. Енді кешіксек, тағы да Германиядан, Израильден немесе Қытайдан жасыл энергия техникасын сатып алуға тура келеді. Қайтадан тұтынушыға айналмас үшін оқу орындарында энергияның балама көздерін игеру жөнінде қазірден бастап білім берілсе, жақсы болар еді.

Жастар жылында бала тәрбиесімен айналысу керек

Қазақстанда ажырасу деңгейінің жоғары болуы мені соңғы кезде қатты алаңдатып жүр. Еліміз ажырасу бойынша әлемде төртінші орын алады. Біздің алдымызда АҚШ сияқты алпауыт 1-2 мемлекет қана бар. Бұл — жастардың отбасы құндылықтары туралы білімсіздігінен туған мәселе. Ата-анасы ажырасқан бала ертең кім болады? Мәселе осындай ұсақ нәрседен шығады. Сондықтан мемлекет Жастар жылында пайдасыз форумдар мен іс-шаралар ұйымдастырып емес, отбасы институтын дамыту жолын қарастыруы керек. Ата-ана баланың бойына жастайынан отбасы құндылықтарын сіңіріп, шаңырақта болатын қиындықтарды жеңуіне, дұрыс жар мен өмірлік азық болатын кәсіпті таңдауына жәрдемдессе, мұндай проблема болмас еді. Көптеген ата-ананың баласына айтатын «Диплом алып ал, содан кейін көреміз» деген сөзі көп нәрсеге зиянын тигізіп отыр.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!