— Асан, «Пифагор» мектебінің оқыту әдістемесі туралы айтып берсеңіз. Бұл жүйе баланы пән олимпиадаларына дайындауды ғана мақсат ете ме?
— Өзімнің олимпиадалық білімімді тек физика-математика мектептері оқушыларына емес, барлық балаға үйретсем деген ой болды. Неге түрлі олимпиаданың жеңімпазы тек арнайы мектептерден болуы керек? Жай мектеп оқушылары да байқауларға қатысып, тәжірибе жинасын, білімді орта қалыптастырсын деп, «Пифагор» қосымша білім беру мектебін аштым. 10 жыл ішінде біліміміз толықты, есейдік. Соған сай мақсат та өзгеріп отырды. Алғашында 9-11-сынып оқушыларын олимпиадаға дайындайтынбыз. Кейін орта буын оқушыларын да ескеріп, жоспарымызға бастауышты да қостық. Командамызбен осының бәріне арналған ортақ бағдарлама құруды ойладық, армандадық. Өзге елдердің тәжірибесін қарай келе солардың жақсы, тимді тұстарын алып, өзіміздің жүйеден де керегін қосып, бағдарлама дайындадық.
Бірақ соңғы үш жылда оқушыларды тек олимпиадаға дайындамайық, жалпы адамгершілігі мол, білімі жоғары, еліне адал қызмет ете алатын қыз-жігіттер қалыптасатын белгілі бір жүйе құрайық деп түйдік. Осы мақсат жолында келе жатырмыз. Жылда ізденіп, жаңа нәрсе енгізіп отыруға тура келеді. Бағдарламаны өзгертеміз, өткен оқу жылында жіберген қателерді түзетеміз. Оның үстіне, мектеп бағдарламасы да өзгереді, соған назар аударамыз, үнемі хабар алып отырамыз. Балалардың психологиясы, қабылдауы, санасы да жылдам өсіп отырады. Осындай жылдамдықта дұрыс білім беріп қалу, оқытып қалу, бірнәрсеге баулу маңызды болып тұр.
— «Пифагор» мектебі физика-математика бағыты арқылы баланың мамандық таңдауына қалай ықпал етеді?
— Мамандық таңдауда баланың өз мүмкіндіктерін көруі, қабілетіне, өзіне сенуі маңызды. Баланың орнына мамандық таңдап беру — қате. Олардың білімді болуы үшін ең әуелі ата-ана жұмыс істеуі керек. Баланың ойын, санасын, көкжиегін кеңейтуі керек. Оның санасында өзі армандаған өмір, жоғары білім алсам деген мақсат болса, онда соған сай жағдай жасау керек. Ата-ананың ұнасын-ұнамасын баланы бір мамандыққа қарай бағыттауы — ақылға сыймайтын жайт. Кім баласының білімді, саналы, қабілетті болып, елдің алдында жүргенін, жақсы жерде жұмыс істегенін қаламайды? Ендеше, балаға ерік беру керек.
Қазіргі ата-аналардың көбі — белсенді. Олар заманның басқа екенін, қай жерде болмасын тек білімділер озып шығатынын түсініп жатыр. Баласының өзі қалағандай саналы азамат болғанын қалайтын және соған сай еңбектенетін ата-ана көп. Келіп баласының сабағына қызығып, қадағалап жүретін ата-аналарға ризамын. Бізде оларға арнайы семинарлар да бар.
Біздің мектепке жылда 3 500-ден астам оқушы тапсырады. Мектебімізге солардың тек 400-500-ін қабылдаймыз. Бізге сан емес, сапа керек. Емтихандар шілде, тамыз айларында ұйымдастырылады. «Пифагор» мектебінде ұзақмерзімді оқыту жүйесі терең білім алғысы келетін 2-ден 11-сыныпқа дейінгі балаға арналған. Оқушылар тек физика-математиканы оқу арқылы олимпиадаға дайындалады. Мұндағы негізгі мақсат — баланың потенциалын ашу, оны 11-сыныпқа дейін оқығанынан басқа психологиялық, эмоциялық жағынан мықты, заманның қарқынына ілесе алатын етіп шығару.
— Осы мақсатта тек физика-математиканы тереңдетіп оқыту баланың мүмкіндігін шектемей ме?
— Пәннің санынан сапа өспейді. Физика-математика — баланың ой-өрісін дамытатын инструмент. Біз физика-математиканың маманы ретінде осы сала арқылы баланы біраз деңгейге көтеруге болатынын білеміз. Қалған қызығатын салаларды адам өзі игеріп алуына мүмкіндік жетіп-артылады. Қазіргі заман балалары оны мектеп қабырғасында емес, басқа жерден оқып алғысы келеді. Әлем елдерін аралап, көргісі келеді. Осы істер арқылы бәрін түсініп алғысы келеді. Себебі мектептің жүйесі, оқыту тәсілі оларға ұнамайды. Біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде баланың білім алу тәсілі қатты өзгерді. YouTube-пен өскен балалар қазір басқаша ойлайды. Олар бәрін өздері бақылап, шешкісі келеді. Сондықтан оқушыны ешқашан қинамау керек, керісінше, түсініп, олармен дос болу керек.
Сабақ көбіне ойын түрінде өтеді. Мұғалімдер оқушының талпынысын ояту үшін, жалықтырып алмау үшін әр тақырыпқа сай тәсіл қолданады. Бала өтіп жатқан тақырыпты тәжірибе жүзінде көруі үшін арнайы құралдармен жұмыс істеледі. Оқушы процесті өз көзімен көрмесе, сенбейді.
Оңтүстік Кореядағы әріптестеріміз Қазақстанға келіп, оқу жүйесіне кіріскелі отыр. Олар біздегі орта білімнің деңгейін өсіру қажет екенін көріп тұр. Өздерінде қалыптасқан жүйені, оқыту тәсілдерін бізге алып келіп, сол арқылы қаражат игеруді көздейді. Негізі біздегі білім Оңтүстік Кореядан, әлемнен еш кем емес. Себебі әлемде кімнің қалай білім алатыны емес, білімді не үшін алатыны, қандай мақсатта қолданатыны маңызды.
Бүгінгінің балаларында нақты мақсат жоқ. «Мен өзім-ақ оны оқып, үйреніп аламын, интернетте бәрі бар» деп ойлайды. Ақпараттың көп әрі ашық болуы баланың білімге деген құштарлығын төмендетуі мүмкін. Білім жаңа деңгейге көтеріліп, біз үшін, балалар үшін қиын заман келе жатыр. Осы кезеңнен жақсы өтуге педагогтар ғана емес, балалар мен олардың ата-аналары да үлес қосуы керек.
Әлем елдерінен біздің ешқандай кем тұсымыз жоқ. Өзге мемлекеттерге барғанда байқағаным, олар да физика-математика, бағдарламалау тілін дамытып жатыр. Мектептен тыс сабақтарға мән береді. Бізден озып жатқан тұсы да, кем түсетін жақтары да бар. АҚШ-тың үлкен бір компаниясының әлемнің 50 елінде кеңсесі бар. Олардағы мамандардың бәрі математиканы меңгерген. Оңтүстік Кореяда бағдарламалау тілін үйрететін қызық жүйе бар. Украинаның жүйесі мүлдем басқа, олар әртүрлі салада қызмет етіп жүрген мамандардың бағдарламалау тілін меңгере алатын компания ашқан. Әлем, заман тез өзгеріп жатыр. Соған сай еліміз көзін ашып, жан-жағына қарап, бірге ілессе екен деймін. Бұл ілгерілеуді түсінгендер жақсы жұмыс істеп жатыр, түсінбегендер артта қалып барады.
— Еліміздің білім беру жүйесіне Оңтүстік Кореяның тәжірибесі енгенін құптайсыз ба?
— Әрине, бізге келіп, біздегі білім деңгейін көтеріп жатса, қарсы емеспін. Математика — Африкада да математика. Бірақ оны үйрету тәсілі әртүрлі. Біріншіден, олар біздің менталитетімізді бірден түсіне қоймасы анық. Екіншіден, біздің оқушыларға сабақ беретіндер бір бөлек, ал олардың үстінен басқаратын, қаражатты алатындар бөлек. Мысалы, түріктер келіп, мектебін, университетін ашып, білімін беріп жатыр. Әрине, мұндағы еңбек орасан зор. Бірақ мұндай оқу орындарын ашып, нақты жүйе қалыптастыру өзіміздің де қолымыздан келетін еді. Бұл тек өзіміз қолға алуымыз керек сала деп ойлаймын. Білімнің жаманы жоқ. Бірақ бұл салаға сырттан жүйе енгізушілер оны жақсы оймен істесе болды.
— «Пифагор» мектебінің түлектері қайда жүр?
— Алғашында оқушыларымыздың көбі Қазақ-Британ техникалық университетіне, КИМЭП университетіне (бұрынғы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты), Назарбаев Университетіне тапсыратын. Соңғы 3-4 жылда ең мықты дегендері Оңтүстік Корея мен АҚШ-қа аттанып жатыр. Еуропаға да білім іздеп кетіп жатқандар бар. Кезінде көбі Индонезия мен Филиппинге құмар еді, уақыт өткен сайын талғам өзгерді.
Сабақтар баланың мүмкіндігіне қарай екі тілде өтеді. Ағылшынша өткізе алғанымызбен ең әуелі оған оқушының бәрі дайын емес. Бірақ мені оқушылардың, жастардың тілге деген көзқарасы, үйренуге деген ынтасы қуантады. Ағылшын тілін жетік меңгерген балалар көбейіп жатыр, алдағы 5 жылда бәрі 100% игеріп кетеді деп сенемін.
Командамда бала десе, физика-математика десе, жанын беретін адамдар жұмыс істейді. Кейде оларға қарап дәл осындай командамның болғаны үшін қуанып кетемін. Елімізде білімді, талантты жас өте көп. Тек дұрыс жүйе қалыптастырып берсе, олар өз мүмкіндігін көрсете алады.
— Сұхбатымыздың соңында еліміздегі орта білім жүйесі не нәрсеге мұқтаж болып тұрғанын айта кетсеңіз?
— Ең біріншіден, мұғалімдердің біліміне, деңгейіне көп көңіл бөлу керек. Мұғалімнің сауатын, жағдайын көтермейінше, ештеңе шықпайды. Мұғалім деген мамандықтың дәрежесін, имиджін өз деңгейінде қалыптастыру қажет. Олардың жалақысын, тұрмыс жағдайын жақсартып, қосымша жауапкершілік артып қоюды доғару керек. Егер осы аталғандарды ретке келтіре алсақ, бұл мамандыққа қызығатын жастар көп болады. Сонда шын білімді мұғалімдер көбейіп, олар ең мықты деген оқушыларды тәрбиелеп шығады. Мұндай деңгейге жету үшін еліміздің әр азаматы «мұғалім» деген сөзді естігенде елең етіп, оған құрметпен қарап, еңбегін бағалауы шарт. Бізде, керісінше, кім кінәлі — мұғалім кінәлі, кім жаман — мұғалім жаман. Осы мамандық иелерін, олардың еңбегін көп көрсетсек, жарнамаласақ, біржақты көзқарас қалыптастырмай, сыйластық танытсақ, жақсы болар еді. Екіншіден, ата-ана өз жауапкершілігін мұғалімге артпай, балаға қолынан келетіннің бәрін жасауы керек. Олар өз пайдасын балаға жүктемесе екен.