Тікұшақ апатынан қаза тапқан әскерилердің отбасына 5 жылдың жалақысы беріледі

ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров Ми-8 тікұшағы апатынан қаза тапқан офицерлердің отбасына бес жылдық ақшалай жәрдемақы берілетінін айтты.

Бес жылдық ақшалай көмек жасалады, әскери қызметкердің ай сайын алып келген жалақысы бес жылдық мөлшерде бірден төленеді. Әрбір отбасыға, мұрагерлеріне. Қазір тиісті есептер жасалып жатыр. Бұған дейін айтқанымыздай, бастапқы қызметтердің жалақысы орташа есеппен 140 мың теңгеден басталады, келісімшартпен қызмет ететіндердікі азырақ — 60-70 мың теңге. Біз әріптестеріміздің отбасын қараусыз қалдырмаймыз. Заңда әскери қызмет ету кезінде қаза тапқандардың балалары үшін әскери оқу орындарына түсуге жеңілдіктер беру көзделген. Егер отбасында әскери қызметкер қаза тапса, оның інілері әскери қызметке шақырылмайды деген норма да бар, — деді Талғат Мұхтаров.

Ол тиісті қорытынды тікұшақ апатын тергеу жөніндегі комиссия жұмысынан соң шығарылатынын айтты.

Еске салайық, 27 наурызда «Алтын жебе» оқу-жаттығуы барысында ҚР Қарулы Күштері тікұшағы Қызылорда облысында апатқа ұшыраған еді. Ақтаудан шығып, Шымкентке бет алған тікұшақ құлап, түгел жанып кетті. Төтенше оқиға салдарынан борттағы 13 әскери қызметші қаза болды.

ДереккөзZakon.kz