Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының халықаралық ынтымақтастық, білім беру және ғылыми бағдарламалар менеджменті басқармасының жетекшісі Айнагүл Қуатбаеваның айтуынша, Қазақстанда таралған кей жұқпалы аурудың әлі күнге дейін емі жоқ. Емі табылмаған ауруларды жұқтырмаудың жалғыз амалы — вакцинация.
Санитар-эпидемиологтар вакцинациямен реттелетін көп аурудың нақты емі болмағандықтан олардың таралмауына көңіл бөледі. Азаматтар жергілікті медициналық мекемелерге барып, егілуі керек. Қазақстанда жыл сайын қызылша мен қызамық жұқтыратын адамдардың саны азаймай тұр.
Айнагүл Қуатбаеваның айтуынша, азаматтардың бұл жұқпалы ауруларға қарсы егілмеуі індеттің тарауына себеп болады және бұл вакцинация жасына жетпеген сәбилерге де қауіп төндіреді.
Алматыда өткен «Жұқпалы ауруларды вакцинациялау мен олардың алдын алудың өзекті мәселелері» атты жыл сайынғы ғылыми-практикалық конференцияға қатысушылар соңғы кездері балаларының уақытында егілуіне мән бермейтін ата-аналардың жауапкершілігі туралы айтты. Олардың айтуынша, мұндай ата-ана айналасында ауырып жүрген адамды көрмегендіктен мәселеге немқұрайлы қарап, вакцина қабылдаудан бас тартады екен. Олардың көбін жұқпалы аурудан сақтанудан гөрі вакцина сапасының қандай екені, оның қаупі бар-жоғы алаңдатады.
Вакцинация зиян ба? Ата-аналар неге қорқады?
Айнагүл Қуатбаева қызылша мен қызамыққа қарсы егілетін вакцинаның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тексеруінен өтіп, сертификатталғанын айтты.
Қызылша, қызамық, паратитке қарсы егілетін вакцинаны Үндістанның Serum Ltd институты шығарады. Өнімнің тиімділігі өте жоғары және қауіпсіз препараттар қатарына жатады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сертификатын алған. Бұл дәрілік препаратты бізден басқа әлемнің 70-ке жуық мемлекеті қолданады. Құрамында зиян деп танылған қоспа тіркелмеген. Белгілі бір қауіп тудырады деген де қорқыныш жоқ, — дейді ол.
Маман ата-аналардың баласын ауруға қарсы ектіруден қорқуының себебін былай түсіндірді:
Қандай да болмасын вакцина түскеннен кейін ағза жауап қайтарады. Сондықтан аздаған өзгеріс болуы мүмкін. Мысалы, температураның көтерілуі, бас ауруы. Бұл — қалыпты жағдай. Әрине, вакцина қабылдаған азамат міндетті түрде дәрігердің бақылауында болады. Қауіп вакцинадан емес, вирустан келеді.
Жұқпалы ауру асқынғанда не болады?
Маманның айтуынша, уақытында вакцина қабылдамаған адамның ауруы асқынса, мүгедектікке, одан әрі өлім-жітімге алып келуі мүмкін.
Вирус бұрын ауырмаған, вакцина қабылдамаған адамды тауап алады. Жұқпалы аурумен ауырып жүрген адам бөлмеге бір секундқа кіріп-шықса, сол бөлмеде міндетті түрде вирус қалады. Себебі ол адам дем алады ғой. Ал вирус ауа арқылы тарайды. Бөлмеге кірген вирус бұрын ауырмаған, вакцина қабылдамаған адамды тауып, еніп алады, — дейді Айнагүл Қуатбаева.
Оның мәліметінше, Қазақстанда тіркелген 5519 науқастың 85-89%-ы осы вакцинаны қабылдамағанның кесірінен ауырған. Оның 60%-ға жуығы — вакцинацияға жасы жетпегендер. Биылдан бастап бір жасқа толмағандар да ауруға қарсы жаппай егіледі.
Вирустан қорғанудың басқа жолы бар ма?
Қызылша мен қызамықтан вакцина қабылдамай-ақ сақтану мүмкін емес. Вирус әлсіз адамның ағзасына енуге бейім, — дейді Айнагүл Қуатбаева.
Маманның айтуынша, вирустар суық жерді жақсы көреді. Сондықтан бөлмені жиі желдетіп, таза ұстау қажет. Көктемде адам физикалық жағынан әлсіреп, дәрумен жетіспеушілігі болады. Дұрыс тамақтану да маңызды.
Бала туа салысымен жасалған вакцинаның тиімділігі өте жоғары. Себебі жаңа туған сәби зарарсыздандырылған болады. Баланың туғанынан 40 күн өткенге дейін сыртқа шығарылмаса да, қазақтың үйінен қонақ арылмайды. Ал үйге келген адамның немен ауыратыны белгісіз, оны адамның өзі де білмеуі мүмкін. Сондықтан сақтық үшін перзентханадан үйге шығар алдында вакцина алу маңызды, — дейді Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы халықаралық ынтымақтастық, білім беру мен ғылыми бағдарламалар менеджменті басқармасының жетекшісі Айнагүл Қуатбаева.
Қазақстанда азаматтарға вакцинацияны заңмен міндеттеу мәселесі әлі де қарастырылып жатыр. Айта кетейік, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» заңда азаматтардың «профилактикалық екпелерді алуға» және «медициналық көмек азаматтардың келісімінсіз көрсетілетін жағдайлардан басқа уақытта одан бас тартуға» құқылы екені жазылған.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы директорының клиникалық және ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Ләззат Ерәлиеваның мәліметінше, Францияда вакцинациядан бас тартқан ата-анаға айыппұл салып, одан соң ата-ана құқығынан айырады. Пәкістанда заңды орындамаған ата-ана тұтқындалады. АҚШ-та бір аптаға түрмеге жабылады.