«Кел, ертегі суретін саламыз!» атты балалар байқауының шарты — ертегі жазу және оған иллюстрация салу.

Бұған дейін сайыс екі жыл қатарынан өткен.

Ертегі жазу сайысы

Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Биылғы байқаудың ерекшелігі не?

«Ғылыми-медициналық қоғам» қоғамдық бірлестігі өкілдерінің айтуынша, биыл «Бір күні таңертең оянып, өзімнің ерекше болғанымды сезіндім» деген тақырыпта ертегі жазылуы керек. Сонымен қатар биыл байқау халықаралық деңгейге көтерілді. Жеңімпаздар қазақ, орыс, ағылшын тілінде түрлі жас категориясы бойынша анықталады. Байқауға іріктеу 22 қаңтарда басталды, 31 тамызда аяқталады.

Ертегі жазу сайысы
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Байқаудың мақсаты — дені сау балалардың түрлі ауруларға шалдыққан балаларға деген төзімі мен эмпатиясын қалыптастыру.

Байқау екі кезеңнен тұрады

Біріншісі — шығармалар байқауы. Қатысушылар «Бір күні таңертең оянып, өзімнің ерекше болғанымды сезіндім» деген сөйлемнен басталатын кез келген жанрда, стильде шағын шығарма жазып, жібереді. Биылғы байқауға басқа да елдердің балалары қатысатыны ескерілді. Жұмыстар қатысушылардың ана тілінде де қабылданады, бірақ қазақ, орыс не ағылшын тіліндегі аудармасы бірге берілуі керек.

Ертегі жазу сайысы
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Екінші кезең — көркемсурет байқауы. Мұнда сайыскерлер бірінші кезеңнің нәтижесі бойынша қазылар алқасы іріктеген үздік шығармаларға иллюстрация салуы керек. Бұл кезеңдегі барлық жұмысты қазылар алқасындағы кәсіби суретшілер мен мамандар бағалайды.

Байқау аясында балалар жазушылары мен танымал суретшілер Алматының балалар орталықтарында, ауруханаларында емделіп жүрген балаларға арт-терапия ретінде қосымша сабақ береді. Сонымен бірге байқау қатысушыларына онлайн вебинар режимінде жазу мен бейнелеу өнері бойынша шеберлік дәрісін өткізу жоспарланып отыр, — дейді «Ғылыми-медициналық қоғам» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сурия Есентаева.

Жуырда «Алматыкітап» дүкенінде былтырғы сайыстың жеңімпаздары марапатталып, олардың шығармалары енген жинақ таныстырылды. Балалар жинаққа енген туындыларын оқыды. Әр ертегіде романтизм мен баланың шексіз қиялы байқалады. Олардың жақсылық пен бақытқа деген ұмтылысы, болашаққа артқан үміті зор. Ертегі жазу балаларға пайдалы ермек екені аңғарылып тұр. Жинақты сатудан түскен қаражат онкологиялық және басқа да қатерлі кеселдермен күресіп жүрген балалардың емделуіне жұмсалады. Үздік шығарманың біріне онкологиялық ауруға шалдыққан балалардың қатысуымен спектакль қойылады.

Дәулет Русланұлы, «Қобыз құдіреті» ертегісінің авторы:

Ертегі жазу сайысы
Дәулет Русланұлы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Мен Алматыдағы №119 мектеп-лицейінің 5-сыныбында оқимын. Бұл байқау туралы Сапарғали Бегалин атындағы кітапханада естідім. Ертегіні жазған кезде мүмкіндігі шектеулі балаларды таңғажайып сиқырға сендіруді, оларға үміт отын беруді мақсат еттім. Жеңімпаз атанғанда қуаншымда шек болмады. Осы конкурсқа тағы да қатысуды жоспарлап жүрмін. Кезекті ертегім де аяқталып қалды. Болашақта әнші, суретші, технолог болуды армандаймын. Енді тағы бір арманым пайда болды. Ол — жазушы болу.

Давид Рябцев, «Сказка о поиске волшебного лекарства» шығармасының авторы:

Ертегі жазу сайысы
Давид Рябцев. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Мен 12 жастамын. Алматының №103 мектеп-гимназиясының 6-сыныбында оқимын. Байқау туралы анам айтты. Ол ағам екеуімізді гаджеттерден, компьютер ойындарынан көңілімізді басқаға бұрып, жаңа ермек тауып бергісі келді. Қолынан келген сияқты. Осы конкурста жеңген соң ертегі жазуға шабытым оянып, жаңа шығармалардың идеяларын ойластыра бастадым. Бұл сайысқа қатыса отырып, мен тек жазушылық шеберлікті меңгеріп қана қоймай, Лилия Калаус сияқты дарынды жазушылармен, олардың шығармашылығымен таныстым.