30 наурыз күні сағат 20.30-21.30 аралығында халықаралық «Жер сағаты» акциясы болады.

Алматы бұл жолы да акциядан тыс қалмайды. 30 наурызда акция «Қазақстан» қонақүйінің алдында сағат 20.00-да басталады. 20.30-дан 21.30-ға дейін қонақүй электр қуатынан ажыратылады. Ал акцияға қатысушылар электр құрылғыларын өшіріп, қонақүй алаңында импровизациялық ән-би кеші мен флешмоб өткізбек.

«Қазақстан» қонақүйінің алаңында өтетін бұл шараға «Recycle Бірге» қоғамдық ұйымының экология белсенділері ақ және жасыл түсті киім киіп, майшамдар алып шығуды ұсынды. Осылайша олар флешмобты неғұрлым қызық әрі көңілді өткізуді жоспарлап отыр.

«Жер сағаты» — әлемдегі 188-ден астам ел мен 2 миллиард адам қолдайтын ең ірі экологиялық акция. Ол жер ресурсы мен табиғатқа ұқыпты қарауға, қоршаған ортаны аялауға шақырады. Сонымен қатар тұрғындарды электр көзін үнемдеуге үгіттейді.

2019 жылы бұл шара 13-рет өткізіледі. 30 наурызда әлемнің 18 мыңнан астам танымал ескерткіші мен ғимаратының шамы сөндіріледі.