ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Алматы облысында болды. Ол азаматтардың әл-ауқат деңгейін арттыруға арналған әлеуметтік нысандарды аралап, өңірдегі индустрияландырудың даму қарқынымен танысты. Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
Премьер-министр Талдықорғандағы нысандарды аралау кезінде өңірде Тұңғыш Президент – Елбасының «Әлеуметтік қамкорлық» бастамаларының, индустриялық-инновациялық даму, «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламаларының және «7-20-25» бағдарламасының, «Денсаулық» денсаулық сақтау, сондай-ақ АӨК, цирфландыру және туризм саласы бағдарламаларының жүзеге асырылу сапасын тексерді.
Асқар Мамин өңірде тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру және мұқтаж жандардың, оның ішінде көпбалалы отбасылардың баспана мәселесін шешу бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысты. Биыл мамырда 230 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Тұрғын үй алабының жанында әлеуметтік жобаларды іске асыруға ерекше көңіл бөлінген. Үйлердің бірінші қабатында 50 орын қарастырылып, онда медициналық пункттер орналасатын болады. Клиникалық-диагностикалық бөлімнің де ашылуы жоспарланған.
«Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында облыста жалпы аумағы 26 мың шаршы метр болатын 420 пәтерлік 10 жалға берілетін тұрғын үй құрылысы жоспарланған. Биыл жалпы аумағы 19,4 мың шаршы метр болатын сегіз тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл 300 отбасыны, оның ішінде көпбалалы отбасыларды да, пәтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік жасайды. Жалпы, «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында облыста 35 перспективалы тұрғын үй алабы айқындалған. 2022 жылға дейін жалпы аумағы 1 миллион шаршы метр болатын мың үй салынады. Қазіргі таңда екінші деңгейлі банктер бұл бағдарлама бойынша 145 өтінімді мақұлдаған.
Тұрғын үй үшін бастапқы жарнаны төлеуде облыс азаматтарына әлеуметтік көмек көрсету мақсатында жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінген. Бұл көмек көпбалалы отбасыларға, медицина қызметкерлері, мұғалімдер мен полиция қызметкерлеріне көрсетіледі.
Премьер-министр медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралармен көпбейінді аурухана жұмысының мысалында танысты. Магнитті-резонансты томография кабинеті мен өткен жылдың желтоқсанында ашылған ахуал орталығы қаралды. Орталық жаңа технологиялар арқылы онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтауға, пайыздық қатынасында олардың ықтималдығын айқындауға мүмкіндік береді. Онда күніне 10-15-ке жуық науқас тексеруден өтеді. Барлық кабинеттер жоғары кәсіби диагностикалық монторлармен жабдықталған, жасанды интеллектіні қосу мәселесі пысықталып жатыр. Орталықта бірыңғай ақпараттық жүйемен облыстағы 13 медициналық мекеме біріктірілген. Бұл компьютерлік, магнитті-резонансты томографияны, рентгенографияны, радиологиялық тексерулерді орталықтандыруға мүмкіндік береді.
Премьер-Министр Асқар Маминге медициналық ұйымдар желісін дамыту, медициналық мекемелерді цифрландыру және техникалық жарақтандыру, кадрлық әлеуетін арттыру және дәрігерлердің жүктемесін азайту туралы баяндалды.
Мысалы, 2018 жылы 18 денсаулық сақтау нысанының құрылысы басталған, оның 15-і қазіргі таңда пайдалануға берілген. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста жалпы өлім-жітім 2%-ға, сәбилер өлімі 7%-ға, қан айналымы жүйелері ауруларынан өлім 7,9%-ға, туберкулезден өлім 12,5%-ға, қатерлі ісіктерден өлім 1,5%-ға төмендеген.
Облыс орталығында Асқар Мамин «Талдықорған» индустриялық аймағын аралады. Ауыл шаруашылығы, құрылыс, химия және тамақ өнеркәсібі салаларында ірі жобалар іске асырылып жатыр. Бұл жерге 1,6 мың жұмыс орнын ашумен барлығы 70-ке жуық кәсіпорынды орналастыру көзделіп отыр. Премьер-министрге Алматы облысында алты индустриялық аймақтың («Талдықорған», «Береке», «Боролдай», «Қайрат», «Арна» және «Қазбек бек») даму жобалары таныстырылды. Индустриялық аймақтар аумағында 8 мыңға жуық жұмыс орнын құрумен 300-ден астам кәсіпорын орналастыру мүмкіндігі бар.
Талдықорғанға жұмыс сапарының соңында Асқар Мамин Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына барып, онда қызмет көрсету бойынша жұмыстармен және ШОБ даму қарқынымен танысты.