Нұр-Сұлтан әкімінің баспасөз қызметі 26 наурыз күні болған жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендердің жағдайы туралы мәліметті жариялады.
Әкімдіктің мәліметінше, қазір қалалық №2 көпбейінді ауруханада 13 адам емделіп жатыр. Олардың төртеуінің жағдайы ауыр (жансақтау бөлімінде), тоғызының жағдайы орташа деп бағаланып отыр.
Қалалық №1 ауруханада апат салдарынан зардап шеккен тағы бір әйел емделіп жатыр. Оның жағдайына да орташа деген баға беріліп отыр, — деп хабарлады Нұр-Сұлтан әкімінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін осы көлік апатынан зардап шеккендерге бірнеше күрделі операция және бір ампутация жасалғаны хабарланған еді.
Ірі жол-көлік оқиғасы Нұр-Сұлтанда 26 наурыз күні сағат 09.14-те Қабанбай батыр даңғылы мен Ұлы дала көшесінің қиылысында болды.
№ 303 бағыттағы автобус № 12 бағыттағы және № 53 бағыттағы автобустар мен жедел жәрдем көлігін соққан. Тағы бірнеше жеңіл автокөлікке де соққы тиді. Екі адам қаза тапты, 36 адам зардап шекті. Олардың арасында жедел жәрдем көлігінде болған екі фельдшер де бар. Көлік апатынан қайтыс болғандар — автобустың 53 жастағы жүргізушісі мен 1992 жылғы жолаушы келіншек. Автобус жүргізушісінің артында төрт баласы, жолаушы келіншектің бір баласы қалып отыр. Зардап шеккендердің арасында Филиппин азаматшасы да болды. Нұр-Сұлтан әкімі Бақыт Сұлтанов әкімдік қызметкерлеріне қайтыс болғандардың отбасына және зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды.