Биыл «Бала дауысы» балалар ән байқауы жаңа форматта өтеді

«Жандану әлемі» қорының бірегей жобасы ұлттық «Бала дауысы» балалар ән байқауының төртінші маусымы 29 наурызда басталады. Биыл конкурс жаңа форматта өтеді. Бұл туралы «Жандану әлемі» қорының баспасөз қызметі хабарлайды.

Байқаудың мақсаты — музыкалық және шығармашылық дарыны бар балаларға қолдау көрсету, олардың шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға және қабілетін дамытуға көмектесу.

29 наурыз бен 22 мамыр аралығында өтетін байқауға 8-12 жас шамасындағы талантты балалар қатыса алады. Байқаудың суперфиналына үздік 17 бала іріктеледі. Қазақ эстрадасының әйгілі жұлдыздары, танымал продюсерлер мен хореграфтардан жиналған қазылар құрамы қатысушыларды еліміздің барлық облыс орталығы мен Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында күтеді. Іріктеуге келген әр балаға естелік сыйлық пен диплом беріліп, байқау күнделігінің түсіріліміне қатысады. Ата-аналар мен тәлімгерлерге бала шығармашылығын дамыту және психология мәселесі бойынша шеберлік сабақтары өтеді.

Күзде үздік 17 бала «Арман» жұлдызды үйінде бас қосады. Әр күні кәсіби музыканттар, хореографтар мен стилистер балаларды суперфиналдың телевизиялық түсіріліміне дайындайды.

24-26 қазан аралығында Алматыдағы Республика сарайында өтетін суперфиналда байқау аясында жазылған жаңа әндер шырқалып, «Балалық шақтың мейірімді ғаламшары» атты мюзикл қойылады. Көрермен финалистердің қатысуымен өтетін шоудың куәгері бола алады. Байқаудың финалында балалардың өнерін кәсіби қазылар алқасы және онлайн дауыс беру арқылы телекөрермен бағалайды.

Барлық финалистер арнайы сыйлықпен марапатталып, ең үздік деп танылған «Бала дауысы» еліміздің таңдаулы музыкалық білім ордасында оқуға грант және ертегі әлемі Диснейлендке жолдамаға ие болады.

Еліміздегі ең ауқымды балалар ән байқауы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасының қоры мен Қазақстан Республикасының Мәдениет және Спорт Министрлігінің қолдауымен өтеді.