Оралдық «жасотандықтар» Елбасының әріптесімен кездесті

Аталған шараға Елбасымен бірге еңбек жолын Теміртауда металлург болып бастап, кейіннен Жайық өңіріндегі бокс спортының қанат жаюына себепші болған, көптеген дарынды жас спортшыларды тәрбиелеген ардагер ұстаз Темірболат Құбашев ақсақалмен кездесу өтті. Кездесу барысында Т.Құбашев жастарға Елбасымен бірге қоян-қолтық қызмет атқарған жылдарын үлкен сағынышпен, тартымды әңгімелеп берді. Емен-жарқын әңгіме кезінде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың биылғы Жолдауы жөнінде де сөз қозғалды. Темірболат аға спортпен шұғылдануына Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей себепкер болғанын тілге тиек етті.

-«Нұрлы жол» — міне біздің креативті, ырғақты жастарымыздың күш-жігер жұмсап, құлаш сермейтін тұсы осы!» — деп Елбасымыз айтса, сол жолда аянбай тер төгу, еліміздің ертеңі үшін зияткер ұрпақ болу сіздердің қолдарыңызда, айналайын, жастар, — деп өз сөзін қорытындылады Темірболат Құбашев.

-Бүгін біздер үшін тағылымы мол, танымдық тұрғыдан мән-мағынасы зор кеш болды. Елбасымен қызметтес болған, өмірде көздеген мақсатына қол жеткізе білген, кезінде өзі білімге, ғылымға, еңбекке, спортқа баулыған шәкірттері бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп жатырған ардагер ұстазбен кездесу бақыты бұйырды. Темірболат ағаның шәкірттерінің қатарында ҚР Парламент Сенатының депутаты Жандарбек Кәкішев, Мәжіліс депутаты Шавхат Өтемісов, Қазақстанның Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов, жазушы-драматург Рақымжан Отарбаев, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген бапкерлер Қуаныш Оқасов пен Марат Елеусінов секілді танымал тұлғалар бар екен. Осындай өмірі өнегелі жанмен жүздескенімізге қуаныштымыз, — деді кездесуге қатысқан жастардың бірі Мағзом Азамат.