Басты бетЖаңалықтарНұр-Сұлтандағы жол...

Нұр-Сұлтандағы жол апаты: зардап шеккендерге қандай күрделі операция жасалды?

Нұр-Сұлтан әкімі Бақыт Сұлтанов пен Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов № 2 қалалық көпбейінді ауруханада болып, 26 наурыз күні болған жол апатынан зардап шеккендердің жағдайын білді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бақыт Сұлтанов зардап шеккендерге жылдам сауығып кетуді тіледі. Оның айтуынша, пациенттерге жоғары білікті үздік дәрігерлер қызмет көрсетіп жатыр. Аурухананың бас дәрігері Иван Лидің мәліметінше, қазір 13 адам стационарда емделіп жатыр, олардың жағдайы орташа ауыр (жарақат), екі пациент кеуде бөлігі хирургиясы бөлімінде жатыр, тағы үш адам жансақтау бөлімінде.

Кеше біз өмірге қауіп төндірген көрсеткіш бойынша бес операция жасадық. Бұл — аса күрделі операциялар спектрі: іш құрылысы қан кетуін тоқтату, мылжаланған қол-аяқ сүйегі сынықтарын металмен ұстату, ампутация. Ампутация бір рет жасалды. Өкінішке қарай, зардап шеккен бір әйелдің аяғын құтқару мүлдем мүмкін болмады, — деді Иван Ли.

Бас дәрігердің айтуынша, пациенттердің кейбірі 7-10 күннен соң ауруханадан шығарылады.

Еске салайық, 26 наурыз күні таңертең Нұр-Сұлтандағы Қабанбай батыр даңғылы мен Ұлы дала көшесінің қиылысында ірі жол-көлік оқиғасы болды.

№ 303 бағыттағы автобус № 12 бағыттағы және № 53 бағыттағы автобустар мен жедел жәрдем көлігін соққан. Тағы бірнеше жеңіл автокөлікке де соққы тиді. Екі адам қаза тапты, 36 адам зардап шекті. Олардың арасында жедел жәрдем көлігінде болған екі фельдшер де бар. Көлік апатынан қайтыс болғандар — автобустың 53 жастағы жүргізушісі мен 1992 жылғы жолаушы келіншек. Автобус жүргізушісінің артында төрт баласы, жолаушы келіншектің бір баласы қалып отыр. Нұр-Сұлтан әкімі Бақыт Сұлтанов әкімдік қызметкерлеріне қайтыс болғандардың отбасына және зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды.