Нұр-Сұлтан әкімі Бақыт Сұлтанов жантүршігерлік жол-көлік оқиғасынан қайтыс болғандардың отбасына және зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды. Бұл туралы әкімнің баспасөз қызметі хабарлады.
Әкімдіктің атынан және өз атымнан жол-көлік апатынан қайтыс болғандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 2 адам қаза тапты, 36 адам түрлі жарақатпен ауруханаларға жатқызылды, — деді Бақыт Сұлтанов әкімдікте өткен отырыста.
Нұр-Сұлтан қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыровтың айтуынша, оқиға орнында жедел жәрдемнің 19 бригадасы жұмыс істеді.
Барлығы 36 адам зардап шекті, 2 адам қаза тапты, 23 адам ауруханаға жатқызылды. Зардап шеккендердің арасында Филиппиннің 1983 жылы туған азаматшасы бар, оның жағдайы ауыр деп шамаланып отыр. Алдын ала диагнозы — «көкірек қуысы жарақаты, жамбастың сынуы». Зардап шеккендермен психологтар жұмыс істеп жатыр, — деді Қамалжан Надыров.
Жол-көлік оқиғасынан жедел жәрдем көлігінде болған екі фельдшер де зардап шекті. Олардың бірі жабық бас-ми, бірі тізе жарақатын алған.
Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Нұр-Сұлтанда болған жантүршігерлік көлік апатынан автобустың 53 жастағы жүргізушісі мен 1992 жылғы жолаушы келіншек қайтыс болды. Автобус жүргізушісінің артында төрт баласы, жолаушы келіншектің бір баласы қалып отыр.
Жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы 26 наурыз күні сағат 09.14-те Қабанбай батыр даңғылында болды.
№ 303 бағыттағы автобус № 12 бағыттағы және № 53 бағыттағы автобустар мен жедел жәрдем көлігін соққан. Тағы бірнеше жеңіл автокөлікке де соққы тиді. Екі адам қаза тапты. Бұған дейін 25 адамның зардап шеккені хабарланған еді.