Алматы

Алайда мыңжылдықтың өзіне де мысқылмен қарап, ғұмырының қысқа қайырылғанына қынжылғандардың нүкте қойылған пікірталасқа қайта жол ашқысы келетінін де байқау қиын емес. Қалай болғанда да Алматы туралы сөз әзірге түгесілмейтін сияқты. Бұл жақсылықтың белгісі болар. Алматының жасын анықтауға байланысты көп еңбектенген, бір жарым ғасырлық қана ғұмыр сыйлағандардың, қазақша айтқанда «аузына құм құйған» тарихшылардың ішіндегі бірі де бірегейі академик Карл Байпақов екендігінде дау жоқ. Халықтық мереке ретінде тойлағалы отырған Алматының 1000 жылдық мерейтойы қарсаңында күл мен топырақтың астынан тарихтың шындығын іздейтін археологты әңгімеге тартудың реті келді.

– Карл Молдахметұлы, сізбен бүгінгі сұхбатымызда тек Алматы, Алматы қаласының 1000 жыл­дығы туралы ғана әңгімелескенді жөн көріп отырмыз. 2000 жылдардың басын­да «Алматының 150 жылдығын той­лай­мыз» дегенде, шу ете қалған қоғам бүгінгі күні Алматының 1000 жыл­дығы дегенді де місе тұтпай отыр. Деген­мен талай жылдан бергі таласты әңгі­меге нүкте қойдыңыздар. Сонымен Алматы­ның 1000 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде тойлау идеясы қай­дан туындады, бұған қалай қол жеткіздіңіздер?

– Қазақстан археологтары мен тарихшыларына Алматының жасын «1000» деп белгілеу оңайға соққан жоқ. Тек соң­ғы он жылдың айналасында ғана осы мәсе­леге байланысты археология мен тарих ғылы­мының айтөбел білгірлері бас қосқан үш бірдей халықаралық ғылыми конференция болып өтті. Бұл – кең көлемде жүргізілген архео­логиялық зерттеулер мен бірнеше халықаралық ғылыми конференциялардың нәтижесінен кейін ғана жасалған байлам. Франциядан, Ресейден, Шығыс Еуропа елдерінен, Кореядан, тіпті Америкадан да білікті ғалымдар шақырылған осы алқалы басқосулардағы келелі әңгімелерден соң ғана біз «Алматы 1000 жылдық тарихты құрайды» деген шешімге келдік. Алматы тарихын зерттеуге келген ғалымдардың барлығы біз ұсынған археологиялық материалдармен, нумизматика жаңалықтарымен жете танысып, өз көзқарастарын білдірді. Ғалымдар кеңесінің әділ қорытындысы ЮНЕСКО-ға жолданды. ЮНЕСКО өз кезе­гінде тарихшылардың уәжін құп алды.

Сол себепті базбір адамдар айтып жүр­гендей, «Алматының 1000 жылдығы» деген атау аспаннан алынған жоқ немесе оны Байпақов бекіткен жоқ. Алматының жасын анықтау мәселесінің 2000 жылдардың басында қоғам алдына қойылғанын көпшілік әлі ұмыта қоймаған болар. Біз Кеңес Одағы жылдарынан бері ұзақ уақыт Алматының тарихын Верный бекінісінің құрылғанынан бастап есептеп келдік. Бай мен манаптар­ды арқаға қаға отырып, құрметке ие бол­ған Үлкен орданың приставы, майор Пере­мышельский бастаған орыс отряды 1854 жылы Алатаудың етегіне келіп бекі­ніс құр­ды. Міне, І Николай патша «Бекініс Вер­ный деп аталсын!» деп мөр басып, қол қой­ған бұй­рық негізінде қабырғасы қалан­ған қор­­ған­ның жасы халқымыздың санасына да, қаны­на да, жанына да сіңіп, қабылдап алды. 2000 жылдың басында «Алматының 150 жыл­дығын тойлау» деген әңгіменің қо­ғам­­ның қалай ашу-ызасын туғызғаны ес­тен шыға қоймаған болар. Содан кейінгі уақыт­­ты ғалымдар текке өткізген жоқ. Ай­тыл­­май келе жатқан тарихты қайта қопа­рып, әділдікті орнату жолында барынша із­­­ден­­­ді. Ал мерейтойды ЮНЕСКО аясында атап өту идеясының авторы Алматы қала­­­лық әкім­дігі болуы керек. Қалай деген­­­мен, Алма­ты аумағында жүргізілген архео­ло­­гия­­­лық зерт­теулер­ді қалалық билік қаржы­лан­дыр­ды ғой.

– Алдымен «Алмату», 1921 жылға дейін Верный, 1921 жылдан Алматы атал­­ған Жетісудың ең ірі қаласының ал­ғаш­­қы зерттеушілері туралы әңгімелеп бер­сеңіз…

–1858 жылы Абрамова деген өлкетанушы Алматы туралы шағын зерттеуін жазған. Алматы туралы Владимир Бартольд пен академик Әлкей Марғұланның, археолог Кемел Ақышевтің жазған зерттеулері бар. Арғыдағы зерттеушілерді айтпағанда, бергідегі Алматыны зерттеу ісінде Шоқан Уәлиханов көп із қалдырған. 1866 жылы ол Верныйда болған сапарында: «Айтылып, жазылып жүргендей Верный қаласы тақыр жерде пайда болмаған. Ол бұрыннан орныққан қазақ ауылының, қазақ елді мекенінің жанынан құрылған. Верный қаласының өзегі нақ сол елді ме­кен­­нің кіндігіне байланған» деп айтып кет­кен. Кейінгі жергілікті өлкетанушылар да, зерттеушілер де бүгінде Алматинка ата­лып кеткен өзендерді жағалай салған биік қорғандарға қарап, Іле Алатауының етегінде қоныстанған қала болғанын еңбектерінде жазып қалдырған. Көз көрген куәгерлердің мәліметінше, Верный әскери бекінісінің қабырға кірпіштері жақын маңдағы әлдеқандай ескі үйінділерден тасымалданған. ХІХ ғасырдың соңында, нақтырақ айтқанда 1894 жылы белгілі шығыс­танушы ғалым, Ресей Ғылым акаде­мия­сының өкілі Бартольд Ташкент, Шым­кент, Жамбыл, Бішкек, Жанкент секілді ірі аймақтарды айнала аралап жүріп, Верныйға да ат басын бұрады. Келгеннен кейін өлке­тану­шылармен, жергілікті зиялылармен әңгімелесе келіп, қаланың архитекторы Поль Гурдемен кездеседі. Бартольд одан қаланың тарихын, орналасқан жерін, қашаннан бері өмір сүріп келе жатқанын, табиғат ерекшеліктері туралы сұрайды. «Ия, бұл жерде ескі қала бар» деп ресейлік ғалымды қаланың оңтүстік-батысына қарай бастап алып барады. Бартольд көрген бетте-ақ мұның ортағасырлық ежелгі қала екенін бірден байқайды. Яғни Верный, кейінгі Алматы қаласының төңірегіндегі «ескі қала ма, әлде кеше пайда болды ма?» деген дүдәмал пікірлер тек бүгін ғана емес, күдік-күмәндер сол кездің өзінде де болған.

Алматының тарихын Жетісу аймағынан бөліп қарай алмаймыз. Алматы Жетісудағы жалғыз ғана қала болған жоқ, одан басқа да қалалар болған. ХХ ғасырдан бастап Ұлы Жібек жолы тартылды. Әрине Жібек жолы одан да бұрын пайда болды. Ал мұндай ел мен елді жалғайтын күре жолдар міндетті түрде үлкен қалалардың пайда болуына әкеледі. Алматыдан таяқ тастам жерде жатқан бүгінгі Талғардың түп негізі саналатын Талхир, Махмуд Қашқари жазып кет­кен Екіөгіз шаһары, араб ғалымдары жа­зып кеткен бүгінгі Сарқанның орнында болған ежелгі Қойлық Жетісудың ірі қа­ла­лары еді. Енді бұл қалалардың қата­рын соңғы жылдары тағы бір шаһар толық­тырды – Алматы облысындағы Шон­жы ауы­лына жақын жердегі Сүмбе елді мекені­нен Лабан деген қаланың орны табы­лып отыр. Археологтар «Лабан, Лабан деп жүрміз, бірақ Лабан деген не мағы­на береді?» деп көп ойландық. Кейбір зерт­теу­шілеріміз Лабан атауын өзгеріске түскен «албан» сөзімен байланыстырып жүр. Әбден мүмкін. Өйткені үйсіндер мен албандар бұл аймақты ежелден мекен етіп келеді. Ендеше, осылармен қатар өмір сүр­ген Алматының ортағасырлық қала болған­дығымен дауласудың еш қажеті жоқ. Ал­тын Орда дәуіріне тиесілі ХІІІ ғасырдың соңын­да, нақтырақ айтсақ 1271-1279 жылдары Мауреннахрды билеуші Масұтбектің рефор­масы жүріп, шағатайлар Алматының өз Ақша сарайынан тиындар жасап шы­ғара бастайды. 1979 жылы Алматы қала­сы­ның Ленин даңғылы бойындағы Ше­кара училищесінің маңайынан табылған таң­балы дирхамдар көкейдегі дүдәмалдың бәрін жоққа шығарды.

– Егер бұл күміс ақшалар ХІІІ ғасыр­дың жәдігері болса, онда біздің Ал­маты­мызға 700 жыл ғана болмай ма?

– Тек қана дерекке сүйенетін архео­логия ғылымы отырықшы елді мекен емес, қаланың бүкіл атрибуттарына жауап беретін Алматының барлық сән-салтанаты келісіп, Х-ХІ ғасырда өмір сүргеніне еш шәк келтірмейді. Бұл мемлекеттіліктің де, Ұлы Жібек жолының да даму кезеңіне сәйкес келеді. Өйткені Жібек жолының үлкен бөлігі Жетісу жеріне тиесілі екені белгілі. Бұл кезеңді мұсылман ренессансының да дәуірлеу кезеңі деп атайды. Дәл осы шақта алдымен Араб халифатында, кейін өз алдына дербес дамыған бүкіл мұсылман елдерінің мәдениетінде үлкен серпіліс болды. Сол тұста әл-Фараби, ибн-Сина, Бируни, Омар Хайям есім­дері­мен байланысты үлкен мәдениет қалып­тасты. Иә, 1000 жыл бұрын бұл жерде қола дәуі­ріндегі сақ тұрғындарына тиесілі ата қоныс, елді мекен болған. Бұл туралы Бабыр мен Мұхаммед Хайдар жазып кеткен. Ара-жігін ажыратып алайық, әңгіме керуен сарай немесе ауыл туралы емес, Ұлы Жібек жолы бойынан қоныс тепкен, қала мәртебесін иеленген қала туралы болып отыр. Өйткені бұл жерде 161 жыл бұрын да, 1000 жыл бұрын да, 3000 жыл бұрын да адамдар болған. Бірақ әңгіме – қала турасында. Тұрғылықты халық саны белгілі бір межені бағындырған, топография, дамыған саудасы мен өнеркәсібі бар, қолөнер бұйымдары, қала белгісі деп, міне, біз ең алдымен осыларды айтпаймыз ба? 1000 жыл бұрынғы Алматы атауына ие болған қала осы талаптың бәріне жауап беретін еді. Қала мәртебесін анықтау бүгінгі ғылым үшін үлкен проблема болса да қала мәртебесін иелену сол кездің өзінде әр елде әртүрлі шешімін тапқан. Мысалы, қала деген бір елде жай ғана аумақ қана болуы мүмкін, ал бір елде ол қорғаныс, бекі­ніс түрінде көрініс табады, ал Ресейде ел­ді мекен сыр­ты­нан толық қоршалса, ол қала болып есеп­телген. Шығыс елдері қала мәрте­бесі­­не әлдеқайда кең тұрғыда қараған. «Қала» деп ауыз толтырып айтып тұрған жерде ел билеушісінің резиденциясы бар ма, мемлекеттің өз ішіндегі ол қаланың рөлі қандай, қол өнері, өндірісі дамыған ба, осы сауалдарға жауап бере алса ғана ол қала мәртебесін алған. Алғаш екі дана тиын табылса, қазір әртүрлі номиналдағы олардың саны 50-ден асты. Ең қызығы оларда «Алмату» деп жазылған.

– Алматының жасын анықтауда сіздер көбінесе осы күміс теңгелерге арқа сүйеп отырсыздар. Теңгелердегі «Ал­мату» деген сөзді алғаш оқыған нумиз­мат Владимир Настич қазір қайда?

Алматының бақытына орай, бұл теңгелер сол кезде Қазақ астанасында тұрған, кейін Ресейге кетіп қалған Владимир Настич атты ғажайып археология маманының қолы­на түсті. Настич араб тілінің де мықты мама­ны-тын. Мәнеттегі «Алмату» деген жазу­дың арабшадан түркі тілінің заңдылығына сәйкес оқығанда, жалғаудың өзгеріске түсіп, «Алматы» болатынын да алғаш бізге Настич түсіндірді. Бұл қазақ тарих ғылы­мын­дағы сенсация еді. Яғни ХІІІ ғасыр­дың өзінде қала «Алматы» деп аталған. Қазір Настич Мәскеуде тұра­ды. Ол – постке­ңес­тік елдердегі ғана емес, айтқаны талқылау­ды қажет етпейтін, әлем­дегі аса ірі нумиз­матик­тер­дің бірі болып саналатын бағалы маман.

– Қош делік, Алматының жасын нумизматика мен археологиялық дерекке сәй­кес анықтап отыр екенсіздер. Бір сөзі­ңіз­­де ежелгі Алматыны зерттеудің қиын екенін, қаланың асфальт астында қал­­ғанын айттыңыз. Бірақ теңгелер табыл­­ған 1979 жылдан бері қарай қала­да қан­шама үйлер бой көтерді, жүз­деген метр терең­дікті үңгіген метро құры­лысы салын­ды, ескі шаһардың тарихы­нан хабар бере­тін бірде-бір дерек-дәйек­тің табыл­мағаны ма?

– Археологиялық қазба жұмыстары кезінде, негізінен, қыш дүниелер табылады. Өйткені қыш басқа материалдарға қарағанда, ұзақ сақталады. Мәселен, Ботаника бағының орнынан қыш заттардың мол қоры табылды. Бірақ ғалымдарды бәрібір «ежелгі Алма­ты­ның орны қайсы?» деген сауал алаң­датады. Қалай болғанда да біз ежелгі қала­ның ор­ны Шекарашылар училищесі, әл-Фараби даң­ғылы орналасқан таудың жоғарғы жақ бөлігі деп шештік. Алматының ақша сарайынан шыққан тиындар Бішкектен де, Шу даласынан да, Орталық Азияның басқа аумақтарынан да табылып жатыр. Яғни бір таңбадағы, бүгінгі тілмен айтқанда бірдей дизайндағы «Алмату» деген ақшалар Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың бәрінде айналыста болғанын дә­лел­дейді. Сондай-ақ ға­лым­­дарды «Алматы өмір сүруін қай кезде тоқ­тат­ты?» деген сауал да алаңдатады. Өйт­кені кез келген қаланың пайда болу, өсу, өркендеу, дәуірлеу және сонымен бір­ге тоқырау, құлдырау, қайтадан қанат жаю кездері болады. Кез келген шапқын­шы­лық, соғыс кезінде ең әуелі ірі қалалар зар­­дап шегеді. Бірақ шағын елді мекенге айнал­с­а да мүлдем тып-типыл болып жойы­лып кет­пейді. Біздің Сағын Жол­дас­баев деген әріп­тесіміз бар. Ол қаза­қтың ежелгі қыс­тау­ларын зерттеді. Сонда бір ғана Жетісу аймағындағы қыс­тау­лар­дың көшпенділер үшін тек қыс мезгі­лін­де жайлайтын жері емес, жыл он екі ай бойы тұрғындарға қоныс болғанын анық­тады. Шоқан Уәлиханов алғаш келген кезін­де Алатаудың етегі сауда жасайтын, ауыл­шаруашылық өнімдерін өсірумен айналысатын отырықшы қалың қазақ ауылдары­на толы болғанын таңғала отырып жазады. Одан сәл кейінірек келіп зерттеген поляк ғалымы Адольф Янушкевич те егін­ші­лікпен, жер өңдеумен айналысатын елді мекендердің бәрі қазақ ауылдары екенін айтып, хатқа түсірген. Сол заман­ның куәгері болған ғалымдардың жазып қал­дыр­ған мәліметінше, Сібір мен Воронеж губерниясынан келген переселен­дер жерді суару, арық тарту дегенді мүл­де білмеген де, ешқашан көрмеген де екен. Переселендер осы шаруаның бәрін жер­­гі­лікті қазақтардан үйренген. Мұның бәрі ХІХ ғасырдың көрінісі болса да бұл мы­сал­д­ардан мұндағы қайнаған қала тір­ші­л­ігі­нің тамыры тым арыда жатқанын байқау қиын емес.

Алматы – мерейтойын тойлап жатқан Қазақстанның үшінші қаласы. Түркістан қаласы 1500 жылдығын, Тараз қаласы 2000 жылдығын атап өтті. Бір мәселе бар. Ғылым күн санап дамып жатыр, ғылымда ең соңғы сөзді айту өте қиын, себебі ғылым үздіксіз жаңарып тұрады. Түркістанның 1500 жылдығы тойланғанда, оған қажетті ғылыми негіз бен барлық дәлелді деректер бар еді. Кенет ойламаған жерден оны да теріске шығаратын мыс, күміс теңгелер, қыш жәдігер, тұтас қала қабырғалары табылды. Ал бұл дегеніңіз – көне Түркістан­ның өзегі одан да ары жатыр деген сөз. Сөйтіп Түркістан қаласының тарихын тағы да бес ғасырға ары жылжытып, 2000 жылдық межені белгіледік. 2000 жылдық тарихы бар деп жүрген Ташкент те солай болды. Өзбек астанасының жасы тағы да жүз­жыл­дықтармен толықтырылып, 2200 жаста деп белгіленді. Ендеше жан-жақты қамтитын ғылы­ми дә­лелі мықты болса, әзірге 1000 жыл­­дық жасы бар деп есептеліп отырған Ал­ма­­ты да ғұмырын қайта жаңартып, шежі­ре­лі тарихын байытып, толықтыра түсуі мүмкін.

– Егер Алматы өте көне қалалардың қатарында болса, неге осы уақытқа дейін өзімен бір дәуірде өмір сүрген Отырар, Испиджаб, Сығанақ, секілді тарихи жазбаларда аты аталмайды?

– Оның себебі көп болуы мүмкін. Көне қала болса да көп дерегі жоқ қалалар тарихта жетерлік. Ол кезеңдерде Алматы бүгін­гідей ұлттың ту тік­кен ордасы, орталығы, аста­насы болған жоқ. Кері­сінше, Азияның орта­­лы­ғы­нан тым жырақта жатты. Сая­хат­­шы­лар мен жазба қалдырған этно­граф­­тардың салыстырмалы түр­де айтқан дере­гі­не қарағанда, Бағдат пен Самарқанд сияқ­ты емес, Алматы қиыр жайлап, шет қон­ған периферия еді. Орталықтан алыста орна­лас­қаны соншалық, саяхатшылардың өзінің аяғы жете бермеген. Сондықтан жазба мәліметтерде ол туралы дерек аз. Франция королі ІХ Людовиктің елшісі Гильом Рубрук 1253 жылы Моңғолияға сапар шегіп, сонау өз елінен Қырым арқылы біздің Жетісу жерінде болып, жолай кездес­кен қалалар туралы жазады. Францияға оралған соң «Шығыс елдеріне саяхат» атты кітабын жазады. Сол кітабында Іле Ала­тауының тілмен айтса жеткізгісіз ғажа­йып сұлулығын сипаттайды. Қойлық қа­ла­сын «Қайлақ», Екіөгізді «Якуз» дейді. Әри­не бұл ХІІІ ғасырдың жазбалары, бірақ Х ға­сырдың жазбаларында Екіөгіз бен Талхир туралы келтірілген мәліметтер бар. Алматы тура­­лы ескі жазбаларда дерек­тер кез­деспегенімен, ғылым деген­нің күнде жаңарып жата­ты­­нын еске алсақ, жазбалардан Алматы­­ның аты жарқ етіп шығып, тарихи әділдік кез келген сәтте-ақ орнай салуы әбден мүмкін.

– Бүгінгі күні қала мәрте­бесін иелену үшін жүзмың­дық­тар өлшемі керек. Ал мың жыл бұрынғы қала­лар­дың халқы қай шамада болған?

– Ол дәуірдегі өлшем, әрине, басқа болды. Архео­лог ғалымдар қала ауқымына қарай тұрғын үйлердің санын, жан басын есептеп шығару­ға ұмтылып жатыр. Мыса­лы, Отырардың халқы 15-18 мың шама­­сында болған. Оңтүстіктегі Сайрам (Испиджаб) шаһары ең үлкен қала болып есеп­телген. Онда 40 мыңға жуық адам тұрған. Үлкен қалалардың қатарына Шу алқа­бындағы Баласағұн шаһары да жатқызы­лады. Ғалымдар мұнда да ондаған мың тұр­ғынның болғанын айтып жүр. Ал 1950 жылдары халық саны 200-300 мыңнан асатын Алматының бүгінгі тұрғындары 2 миллионға жетіп отыр. Тек біздің заманымызда ғана емес, ол дәуірлердің қалалары да урбанизацияны бастан кешіріп, іргесі кеңіп отырған. Қараханиттер кезеңінде Жетісуда бірден 6-7 қала бой көтерген. Бұл деген ғажап емес пе?

– Әлемде тарихы мыңжылдықтармен емес, біздің дәуірімізге дейінгі бірнеше мың жылды қамтитын өте көне қалалар бар. Біздің дәуірімізге дейінгі 9600 жыл бұрын өмір сүрген Афинаның мерейтойы немесе антикалық дәуірде пайда бол­ған Римнің туған күндері қалай ата­­лып өтеді? Париждің 5000 жылдық тари­­хы бар екенін француздар біле ме? Біз­дегі секілді той-думанмен дүбірлеп өте ме екен?

– Неге аталып өтілмесін? Оларды айтпа­ғанда, Мәскеудің 700 жылдығын қалай атап өткеніміз әлі күнге естияр буынның есінде болар деп ойлаймын. Ал Қазанның 1000 жылдығы ше? Татарлар астанасының мерейтойын тойлайтын кезде де қоғам ішінде «Қазанның жасы Мәскеуден неге үлкен болады?» деген күбір-сыбыр әңгімені қоз­датқан. Қазанның Мәскеуге қарағанда «қарт» болғаны біреуге ұнады, біреуге ұна­мады. Ол кезде де нумизматика үлкен рөл атқарып кетті. Жас мемлекеттердің ғасыр­лар қойнауында ұмытылып қалған тарихын анықтап, қоғамға жариялап айтудың өзін­дік қиындығы болғанын ұмытпауымыз керек. Әр қаланың өз келбеті, өз мінезі бар. Ал қала мерейтойын атап өтудің мәні неде? Ескі шаһарлардың өркениет тарихында қандай із қалдырып, нендей үлес қосып кеткенін халық та білуі керек. Сондықтан да маңызды. Мысалы, 1970 жылдардағы Түркістан мен бүгінгі қазақ руханиятының астанасы болған Түркістанды салыстыруға бола ма? Мерейтойға орайлас университет салынып, мавзолейге күрделі жөндеу жүргізіліп, абаттандырылып, мәдени орталықтардың біріне айналдырылғаны түркістандықтардың өзіне қаншама рухани ләззат, күш-қуат сыйлады? Қала мерей­тойлары осындай игі істердің молынан жасалуы үшін керек. Атаулы мерей­тойға мән беру тарихымызды тануға серпін береді. Алматы қаласы әкімдігінің шақыруы­мен көрші мемлекеттердегі қалалар­дың әкім­дері мен ірі ғалымдар да қуаны­шымызға ортақ­та­сатын болады.

– Артықтау естілсе айып етпессіз, алай­да сол қонақтарға біз не көрсетеміз? Мысалы, дамыған елдердің Ұлттық музей­­леріне бас сұқсаңыз, сөресінде сам­сап тұрған сан түрлі өркениеттердің куәсі де, белгісі де болған ұлттық бай­лы­ғы мен жәдігерлерін бүтін күйін­де көріп, салыс­тырмалы түрде алған­да, өз мұра­жай­ларымыздағы жәдігер­леріміз­дің жұтаң­дығын көріп, көзімізбен жер шұқимыз…

– Неге жоқ? Ал Отырардан табылған Темір салдырған көне қаланың қуатты қалың қабырғалары мен кварталдар, сарай кешендері, мешіт, медресе, моншаны қайда қоямыз? Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін салдыруды бастағанда, ол басқа да қалалардың құрылысын қосымша жүргізуді қолға алған. Туристердің үлкен бір бөлігі Түркістан мен Отырарды көруге бара­ды. Жібек Жолы бойындағы Айша Бибі ке­се­несі қонақтардың қызыға тамашалай­тын орнына айналғаны қашан. Осының бәрін үздіксіз насихаттай беру керек. Қонақ­­­тар­­ды «Алтын адам» табылған тари­хи қо­рық-музейі қабылдайды. Соңғы 25 жыл­­­да тарих пен археологиядағы ізденіс­тер өз нәтижесін беріп, зерттеу ісі ілгері жыл­­­­жы­­­д­ы. Ал туристерді өзіне магнитше тар­­та­­­тын Италиядағы Помпейге 250 жыл­дан бе­рі қазба жұмыстары жүргізіліп, зерт­те­ліп жат­­қанын ескерсек, 25 жыл деген не тәйірі?

– Алматы да асфальттың астында қал­ды дейсіз, қаншама құрылыс жұмыс­тары жүргізіліп, жүздеген метр терең­дікке дейін қазылып, метро салынды, көне шаһардың шежіресінен сыр тарта­тын тым болмаса бір жәдігер табылмады ма?

– «Жәдігер табамыз» деп қаланы қопарып тастай алмаймыз. Мысалы, ресейлік археологтар Мәскеуде тура Кремль кешенінің ішінен өте қызықты ғимаратты күреп тастап, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бізде де солай етсек, қанекей? Рим мен Помпейге күрек тисе болды, міндетті түрде астынан антикалық құнды дүние атып шығады. Біз армандамайды дейсіз бе? Бірақ әр істің өз сәті болады. Күтейік.

– Археология ғылымында жаңа технологиялар дамыған ба? Мәселен, УЗИ, рентген аппараттары адамның ішкі ағзасын айнадай жарқыратып көрсетіп, диагнозын табан астында айтады. Жердің астын дәл сондай тәсілмен көрсететін құрылғылар әлі ойлап табылмады ма?

– Заманауи ілкімді технологиялар бар. Археологтар қазба жұмысын бастамас бұрын әлгі құрылғының көмегімен 1,5-2 метр тереңдікке дейін байқап көріп, жердің астын сканерлейді. Қорған, қабырға болса, қанша метр тереңдікте жатқаны сол кезде-ақ байқалады. Ал ең кереметі – жоғарыдан спутник арқылы аэросуретке түсіру. Ол кезде жердің асты карта секілді көрінеді. Бүгінде космотүсіру жұмысы керемет нәтижелер бере бастады. Сызықтар арқылы көне қаланың көшесін қиналмай тауып аламыз. Жалғыз ғана күрек пен қайлаға жүгінетін заман келмеске кеткен, археологияның заманауи әдіс-тәсілдері ғылым үшін орасан зор пайда әкеліп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, тарих адамдарды, ұлттарды жақындастырады, біріктіреді. Тарихтың әр кезеңі өзінше қызық, өзінше тағылымды.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!