Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде қоғамдағы вандализм мен мәдениетсіздікке қарсы күресті күшейту қажет екенін айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Президенттің айтуынша, тарихи-мәдени нысандарға қасақана зиян келтіру фактілері кейінгі уақытта жиілеп кеткен. Мемлекет басшысы әсіресе Маңғыстау облысындағы Ыбықты Сай шатқалында болған оқиғаны мысалға келтіріп, құқық қорғау органдары бұл іске қатаң құқықтық баға беруі тиіс екенін айтты.
Біз ойы озық, өркениетті ел боламыз десек, ең алдымен қоғамдағы кез келген мәдениетсіз әрекетке, жабайы жүріс-тұрыс пен тұрпайы тағылыққа, яғни, вандализмге түбегейлі тосқауыл қоюымыз керек, – деді президент.
Тоқаев заңды құрметтеу, табиғатты қорғау, жауапкершілік пен жасампаз патриотизм қағидаттары қоғам санасында берік орнығуы қажет екенін атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, бұл әсіресе өскелең ұрпақтың дұрыс дүниетаным мен мәдени мінез-құлық қалыптастыруына ықпал етеді.

Еске салайық, бұған дейін ішкі істер министрлігі Ыбықты Сай шатқалында жартастарға өз аты-жөні мен көлігінің мемлекеттік нөмірін ойып жазған күдіктінің ұсталғанын хабарлаған болатын. Полиция мәліметінше, күдікті ретінде Маңғыстау облысының 21 жастағы тұрғыны анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Ыбықты Сай – Маңғыстау өңіріндегі табиғи және туристік маңызы жоғары ерекше орындардың бірі. Сарапшылар мұндай әрекеттер табиғи мұраға орны толмас зиян келтіретінін айтып отыр.
