Қазақстан мәнерлеп сырғанаушысы Элизабет Тұрсынбаева Сайтамадағы әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды.

Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, еркін бағдарлама бойынша сайыста ол төрт айналым сальховты мінсіз орындады. Элизабет Тұрсынбаева мәнерлеп сырғанау тарихында бұл элементті әйелдер арасындағы ресми сайыстарда тұңғыш рет жасаған спортшы атанды. Қазылар оған 148,80 балл берді.

Еркін және қысқа бағдарламаның жалпы қорытындысы бойынша ресейлік Алина Загитова (237,50) бірінші, Элизабет Тұрсынбаева (224.76) екінші, ресейлік Евгения Медведева (223.80) үшінші орынды иеленді.

Элизабет Тұрсынбаева осылайша өзінің жеке көрсеткішін жақсартты. Қазақстан тарихында мұндай биік нәтижеге тұңғыш рет қол жетіп отыр.

Еске салайық, мұның алдында 20 наурыз күні Жапонияның Сайтамасында өтіп жатқан әлем чемпионатының қысқа бағдарлама сайысында қазылар оның өнеріне 75,96 балл берген еді. Бағдарлама қорытындысы бойынша ол үшінші орынды иеленді. Екінші орынға 76,86 ұпаймен жапониялық Каори Сакамото, бірінші орынға 82,08 ұпаймен ресейлік Алина Загитова ие болды.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!