Қосымша тегін, қазақ тілін жетік білгісі келетіндер үшін ыңғайлы. Ойды бұзып, мезі қылатын жарнама жоқ, қолдану да оңай. IOS және Android арқылы жүктеп, пайдалануға болады.

Мобайл қосымша Қанат Тасыбековтің «Ситуативный казахский» үш томдық кітабының негізінде жасалған. Онда автор 4000-нан астам сөз орамын және сөз тіркесін жинақтап, қазақ тіліндегі баламасын берген.

«Кселл» компаниясының қолдауымен бұл жобаның іске асқанына қуаныштымын. Күйбелең тіршілікте дереу сөз сөйлеу керек, түрлі жағдайда пікір білдіріп, көңіл айтуға тура келетін кездер болады. Мұндай жағдайларда қолыңда сөздіктің болғаны тиімді. «Ситуативный казахский» кітабының электрон нұсқасы сол үшін пайдалы. Кейде орыс тіліндегі сөз тіркестерінің қазақша баламасы мүлдем басқа болуы мүмкін. Мысалы, орыстың «нет дыма без огня» тұрақты сөз тіркесінің қазақ тіліндегі баламасы «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды». Балама сөзбе-сөз емес, сондықтан оны іздеп, жаттау керек. Осындай тікелей мағынасында қолдануға келмейтін сөздер, оралымдар мен тіркестер жинағының электрон нұсқасы қолданушыларға ұсынылып отыр, — дейді «Ситуативный казахский» кітабының авторы Қанат Тасыбеков.

2017 жылы «Ситуативный казахский» мобайл қосымшасының бірінші бөлімі «Мир казахов» атауымен шыққан. Ол орысша сөйлейтін қазақстандықтарға қазақ мәдениетін терең ұғынуға көмектеседі. 14 тараудан тұратын бұл бөлім кез келген жағдайда қолданылатын қазақ сөздерін, олардың түсініктемесін қамтыған. Осы тарауды меңгерген адам салт-дәстүрлерге қатысты тілдік қолданыстарды да орынды пайдаланады.

Наталья Еськова
Наталья Еськова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Бұрын Қанат Тасыбековтің кітабын өзім де сатып алғам. Жиі пайдаланатын едім. Автормен танысу бұйырғанда оның мобайл қосымша жасау туралы идеясынан қанаттанып, оны қолдауды жөн көрдім. Бұл мобайл қосымша қазақ тілін меңгергісі келетіндер үшін таптырмас құрал бола алатынын, қазақ тілінде дұрыс әрі сауатты сөйлеуге көмектесетінін түсіндім, — дейді «Кселл» АҚ коммуникациялар бөлімінің жетекшісі Наталья Еськова.