Құрсақ шашу — қазақ үшін шаттық пен қуаныш мерекесі. Өйткені құрсақ той болатын үйде жақын арада бала дүниеге келеді деген сөз.
Енелер бұл тойды келінінің аяғы ауырлағанда жақын абысын-ажынның, ағайын-туыстың басын қосып өткізеді.
Құрсақ тойға келген қонақтар түрлі тәтті тағамды үйден пісіріп әкеледі. Аяғы ауыр әйел жерік болуы мүмкін, ас-ауқаттың ішінен келіннің жерігін басатын тағам табылмай қоймайды. Меймандар өзімен бірге тек ас-су емес, жылы лебізін де ала келеді. Олар келіншектің тезірек қол-аяғын бауырына алуы үшін жақсы тілек айтады. Әйелдер өзінің қолжаулығын жақсы ниетпен босағаға ырымдап іліп кетеді. Оның мәнісі — «аяқ-қолымыз жеңіл болсын», «үйдегі бақыт бізбен бірге еріп кетпесін» дегені. Осылай, көптің тілегінде күш бар деп сенген қазақ халқы ана мен баланың амандығы үшін барлық туыс-бауырдың тілегі бір жерден шығуын қош көрген.
Тіл-көзден сақтануға үлкен мән берген қазақ халқы көп нәрсені атымен атамаған. Сол сияқты жүкті әйелге де жұрттың көзі өтіп кетпесін деген оймен «ішінде көжесі бар», «күмәнді», «аяғы ауыр» деп тұспалдап айтады.
Құрсақ той туралы «Алпамыс батыр» жырында:
Құтты болсын деді де, Құрсақ шашу жеді де, Қайтадан халқы тараған, — деп жазылған.
Академик Ақселеу Сейдімбектің еңбектерінде «Құрсақ шашу» дәстүрі Алпамыс батырдың заманында, Жиделібайсын жерінде қалыптасқаны туралы дерек келтіреді. Құрсақ шашу тойы туралы алғашқы дерек «Алпамыс батыр» жырында кездесетіндіктен осындай қорытындыға келген болуы мүмкін. Дегенмен бұл пікірдің қаншалық шын екенін ешкім дөп басып айта алмайды.