Нұрсұлтан Назарбаев діни басқарманың жаңа ғимаратын көрді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жаңа ғимараты 2018 жылдың соңында салынып біткен.

Нұрсұлтан Назарбаев ҚМДБ жаңа ғимаратында болды
Нұрсұлтан Назарбаев ҚМДБ жаңа ғимаратында. Фото: Akorda.kz

Нұрсұлтан Назарбаев Астананың Алматы ауданындағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жаңа ғимаратын аралап көрді.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қазіргі жұмысымен және алдағы жоспарымен танысып, қызметкерлермен әңгімелесті.

Сіздердің жұмыстарыңыз үшін барлық жағдай жасалды. Біз сіздермен бірге халықтың игілігі үшін еңбек етеміз. Егер мемлекетте бірлік пен келісім болмаса, ондай елдің болашағы жоқ, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев жиынға қатысушыларды келе жатқан Наурыз мейрамымен құттықтап, діни басқарманың жұмысына табыс тіледі.

“Нұрлы Астана” корпоративтік қоры Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жаңа ғимаратының құрылысын 2015 жылдың қазан айында бастап, 2018 жылғы желтоқсанда аяқтады.

Еске салайық, бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың Астананың бас мешітінің құрылысын салтанатты жағдайда бастап бергені хабарланған еді.