Бұл оқиға Кіші жүздің шекті руынан шыққан атақты Мөңке бидің бала кезінде болған екен. Осы оқиға Мөңкенің би болуына басты себеп болған деседі. Сейітқұл деген байдың ауылы жайлаудан күзеуге көше бастайды. Сейітқұл үш күн бұрын жоғалған түйелерін іздемек болып, көштен озып кетеді. Сол кезде бір ауылдың сыртынан өтіп бара жатып, асық ойнап жүрген балалардан жөн сұрамақ болады. Балалардың бірі байдың атын үркітіп жібереді. Оған бай қатты ашуланып, атты үркіткен баланы қуа жөнеледі. Бала шапанының етегі желбіреп, тұра қашады. Байдың астындағы байтал баланың етегінен үркіп, одан сайын мөңкиді. Асау байталдың басына ие бола алмай жатқанда басындағы бөркі де ұшып кетеді. Байтал тулап ала қашқанда бай аттан құлайды да, басы жарылады. Аттан құлаған кезде мойны қайырылып кетіп, бай сол жерде тіл тартпай кетеді.
Осы оқиғадан кейін үш күн өткен соң бай ауылының жақсы-жайсаңдары жиналып, оның құнын даулайды. Екі ел арасындағы дау шешімін таппай, келіссөз бірнеше күнге созылады. Байдың байталдан құлағаны туралы әңгіме лезде тарап кетеді. Ел аузындағы сөз де сан саққа жүгіріпті. Ақылдының ақылы сарқылып, шешеннің тілі шаршаған әдеттегі бір отырысқа бала Мөңке де қатысады. Әбден қиюы қашқан әңгіменің төркінін түсінген Мөңкенің шыдамы таусылады. Сонда бала оң қолын жоғары көтеріп, билерге сай биіктікпен жиналған жұртқа былай депті:
Иә, ағалар. Уа, құрметті билерім. Сіздер бұл кеңесті тым ұзаққа созып жібердіңіздер. Қарап отырсам, бір шешімге келетінге ұқсамайсыздар. «Бала» деп сөз бермей қоймасаңыздар, бұл даудың билігін мен шешсем деймін, — депті.
Көпшілік баланың ықыласына разы болып, бір ауыздан «билік өзіңде, енді айта ғой» депті. Сонда бала Мөңке арқасы бар адамға ұқсап бір жөткірініп алып, жұртты түгел көзімен сүзіп шығып:
Бұл байдың өліміне кінәлі кімдер? — деп сұрайды.
Бай жақтың адамдары бірінің аузыны бірі түкіріп алғандай «төрт тентек, төрт тентек, төртеуі құнды бөліп төлесін, — деп жамырайды. Сонда Мөңке:
Е, мұнда кінәлі — төрт тентек. Ендеше сол төрт тентек құнды бөліп төлейді. Бірінші — мың жылқыдан бір жуас ат тауып мінбей, асау байтал ұстаған, елде адам құрып қалғандай, асық ойнаған баладан жөн сұраған бай тентек. Екінші — өмірі адам көрмегендей баладан үркіп, қарадай тулап, байды жыққан байтал тентек. Үшінші — баста тұрмай ұшып кетіп, жерде домалап байталды үркіткен бөрік тентек. Төртінші — байталды үркіткен бала тентек. Ал енді ердің құны — жүз жылқы, — дейді.
Мөңкенің бұл шешіміне разы болған екі жақтың адамдары дау-дамайсыз тарқайды. Айып төртке бөлінеді. Сөйтіп байталды үркіткен бала айыптың төрттен бірін, яғни 25 жылқыны төлеп құтылады.