Жер дауын шешу үшін арғын елінен Абайдың әкесі Құнанбай барса, үйсіннің сөзін сөйлеп Бақтыбайдың баласы Сары шығады. Бұл кезде Сары 14-ке жаңа толған бала еді. Төрде отырған Құнанбай баланы көріп, мұрын шүйіріп:

Ата тұрып бала сөйлегеннен без, Байы тұрып қатыны сөйлегеннен без, – деуші еді. Уа, үйсіндер, қарсы отырған мына бір бейәдеп балаң кім? – дейді.

Сонда Сары:

Мен Ұлы жүздің белгілі Сарысымын, Бақтыбайдың маңдайдағы дәрісімін. Маңдайымның бағы бар, таңдайымның дағы бар. Ал сіз өзіңіз  кім екеніңізді білесіз бе? Не арғын емес, не найман емес, Ат төбеліндей тобықтылығың тағы бар. Оң көзіңнің ағы бар. Сен дуанбасы болып билік айтқанда менің үйсіннің сөзін сөйлемейтін не кемім бар? – дейді.

Құнанбай сөзден жеңіліп, жерге қарап тұрып қалады. Кейін басын көтеріп:

Қой асығы қолыңа жақса, сақа тұт, Бала да болса ақылы асса, аға тұт, – деген сөз бар еді, бала сөзімен тосты. Ақылың асты, ағам болып билігіңді айт мына жұртқа, – дейді.

Сонда Сары:

Сары табақтан сарқыт қайтар. Билігін маған берсең, Бәрін бауырыма тартпайын. Шу өзенінің сол жағын үйсін, оң жағын арғын жайласын, – деп төрелік айтады.

Осылайша Бақтыбайдың Сарысы ықпалды шешен Құнанбайды сөзден тосқан алғашқы адам болды.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!