Премьер-министр Түркістанның әкімшілік-іскерлік орталығындағы облыс әкімдігі нысандарын, басқармалар мен департаменттердің ғимараттары салынатын алаңдарды тексерді. Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, осы айда олардың іргетасы қаланып, 2020 жылдың сәуір айында пайдалануға беріледі. Асқар Маминге құрылыс жұмыстарын отандық өндірістің қажетті материалдар көлемімен қамтамасыз ету үшін өңірде фибробетон шығаратын жаңа зауыт салу көзделгені баяндалды.
Бұдан өзге, Асқар Мамин медиаорталықтың, конгресс-холдың, спорт кешенінің құрылыс барысын тексерді. Мұнда ғимараттардың іргетасын қалау жұмыстары басталды. Ұсынылған нысандар жақсы функционалдығымен, сыйымдылығымен ерекшеленеді және сәулет өнерінің қазіргі стандарттарына сай келеді.
Салынып жатқан әкімшілік нысандарды тексеруді аяқтаған соң Асқар Мамин Президент тапсырмаларын уақытылы орындауға барлық жағдай жасалғанын атап өтіп, құрылыс жұмыстарын күшейтуді және қажет болған жағдайда құрылысшыларды қосымша тартуды тапсырды.
Асқар Мамин «Түркістан — жаңа қала» шағын ауданын аралау кезінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы тұрғын үй құрылысының басталуымен танысты. Жоба біртіндеп іске асырылады: 2019 жылы 44 үй, 2020 жылы 52 үй пайдалануға беріледі. Жалпы, 2 977 пәтер «7-20-25» бағдарламасы бойынша және облыс әкімдігі жоспарлап отырған несиелік тұрғын үйдің жаңа бағдарламасы бойынша қолжетімді болады. Бұл көпбалалы отбасылардың баспана мәселесін шешуге ықпал етеді. Премьер-министр баспана құрылысы көлемдерін кеңейту келешегін зерделеу және қолайлы өмір сүруді қамтамасыз етуге заманауи технологияларды енгізу қажеттігін атады.
Айта кету керек, жалпы өңірде құрылыс жұмыстарының көлемі биылғы қаңтар–ақпан айларында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,3 есеге артқан.
Сонымен қатар Премьер-министр әлеуметтік инфрақұрылымның салынып жатқан нысандарын, оның ішінде білім және ғылым саласындағы нысандарды тексерді. Сапар кезінде Оқушылар сарайының, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың құрылыс алаңдары қаралды.
Түркі дүниесінің рухани-мәдени орталығы ретінде Түркістанды дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысу мақсатында Асқар Мамин қаланың тарихи-мәдени орталығын аралады. Қожа Ахмет Ясауи музейі, «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорығының визит-орталығы, «Ұлы дала елі» орталығы салынып жатқан жерлерде болды. Премьер-министрге Түркістан қалашығын абаттандырудың тұжырымдамалық бас жоспары да таныстырылды.
Премьер-министр жұмыс сапары барысында туристік инфрақұрылымды құру жұмыстарының жоспарларымен танысып, құрылыс жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Түркістанда туризмді дамыту, оның ішінде ішкі туризмді дамыту мақсатында музыкалық субұрқақ, амфитеатр, аттракциондары бар қалалық саябақ салу көзделген.