Меншік иесі: «Baribar Media» ЖШС Құрылтайшысы, бас директор: Ербол Серікбай
Бас редактор: Таңшолпан Төлеген
Куәлік нөмірі № KZ55VPY00021155, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі байланыс, ақпарат және ақпараттандыру комитетімен берілген
Кәсіпкерлер көпбалалыларға қайырым жасады. Фото: Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
Алматы облысының Кербұлақ ауданының кәсіпкерлері көпбалалы әрі жалғызбасты 3 әйелге үй алып берді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Ауданда жеке кәсіпкерлер қайырымдылық шарасы өткізді. Сарыөзек ауылында орналасқан «Алацем» зауытының бас директоры Станислав Щербаков әлеуметтік жағдайы төмен отбасыға үйдің кілтін табыс етті.
2013 жылы күйеуіммен ажырасқанмын. Үш баламен үйсіз, пәтерден пәтерге көшіп жүргеніме 5 жылдан асты. Балаларым оқушы, тапқан табысым олардың киімі мен тамағынан артылмайды. Енді міне, өзіміздің үлкен әрі таза шаңырағымыз бар, — дейді қуаныш иесі Жұмағыз Медетова.
Кәсіпкерлер көпбалалыларға қайырым жасады. Фото: Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қоғалы ауылының азаматы, мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер Қайрат Бекиев сол ауылдағы алты баланың анасы Айгүл Ешпаеваға баспана сыйлады. Талдыбұлақ ауылының азаматы Қален Тұрсынбаев болса, Надежда Лемешкоға сол ауылдан баспана алып берді. Ол да алты баламен үйсіз-күйсіз жүрген еді.
Надежда Лемешконың отбасы. Фото: Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қаспан ауылының кәсіпкерлері Сламбай Тоқабаев пен Виталий Тарасенко 11 баланың анасы Гүлназ Шакенова мен әлеуметтік жағдайы төмен 3 балалы отбасыға азық-түлік алып берді.
Мейірім — адам бойындағы ең ізгі қасиеттердің бірі. Ана — өмірдегі ең үлкен құрметке лайық адам. Сондықтан көп баланы дүниеге әкеліп, ұлтымыздың көбеюіне үлес қосып жүрген аналарға қуаныш сыйлау — біз үшін үлкен бақыт, — дейді жеке кәсіпкер Қайрат Бекиев.
Наурыз қарсаңында шаңырақтарында шаттық орнап, бала-шағасының қуанышында шек болмаған аналар қайырымды жандарға зор алғысын жеткізді. Мұндай шара әлі де жалғаса бермек.