Қазақстанда өзекті әлеуметтік мәселелердің картасы әзірленді

Президент Әкімшілігінің басшысы Әсет Исекешевтің төрағалығымен Президент тапсырмаларының тиімді әрі сапалы атқарылуын қамтамасыз ету және мемлекеттік бағдарламалар мен реформаларды жүзеге асыру мәселелері жөнінде кеңес өтті.

Жиын барысында Әсет Исекешев Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында айтқан міндеттерін, мемлекеттік бағдарламаларды, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын одан әрі жүзеге асыру мақсатында нақты нәтижеге қол жеткізуге бағытталған бақылау және мониторинг жүргізу жүйесі енгізілетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, мемлекеттік органдардың қызметі халықтың әл-ауқаты мен табысын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталуы тиіс.

Тұрақты жүргізілген әлеуметтік зерттеулер мен талдаулар негізінде Өңірлердегі өзекті инфрақұрылымдық және әлеуметтік мәселелердің картасы әзірленді. Бұл құжат әрі қарай жұмыс істеу үшін Үкімет пен әкімдерге жолданды, — деді Президент Әкімшілігінің Басшысы.

Енді өңірлерде әкімдердің жыл сайынғы есеп беру кездесулерінің орнына барлық аудандағы тұрғындармен тұрақты кездесу өтеді, басқосуда азаматтарды жеке қабылдауды ұйымдастыруды көздейтін жаңа жұмыс форматы қабылданды. Аудандық және қалалық әкімдіктерде халықпен тікелей қарым-қатынас жасау және кері байланыс орнату жүйесі енгізіледі. Бұл азаматтардың маңызды мәселелерін жедел шешіп, өңірлерден шынайы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Бұл жұмыс  Президент ұсынған «Халыққа көмек» жобасы аясында «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп жүргізіледі.

Әсет Исекешев Президент Әкімшілігі бұдан былай әлеуметтік саясатты тиімді жүргізуге, заң үстемдігі мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік қызметтер сапасын арттыруға, сыбайлас жемқорлықпен күресуге, өңірлік инфрақұрылым сапасын жақсартуға, соның ішінде «Құтты мекен» және «Ауыл — ел бесiгi» жобаларының іске асырылуына, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында белсенді жүзеге асырылатын жобаларға баса назар аударылатынын айтты.

Президент Әкімшілігі басшысының айтуынша, енді жергілікті және орталық мемлекеттік органдар басшыларының жұмысын бағалау принципі өзгереді. Реформалар мен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың тиімділігіне мониторинг және бақылау жүргізудің жаңа жүйесі енгізіледі. Бұл мәселелермен «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп құрылатын Тиімділікті бағалау және мониторинг орталығы айналысады.

Жиын қорытындысы бойынша Президент Әкімшілігінің тиісті барлық құрылымдық бөлімшесіне жүктелген міндеттердің сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.