Басты бетЖаңалықтарБалаларға зорлық-зомбылық...

Балаларға зорлық-зомбылық жасағандардың жазасы қатайтылады

Парламент Сенаты балаларға қатысты зорлық-зомбылықпен күреске бағытталған заң жобасын қабылдады.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметімен байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Азаматтық іс жүргізу және Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстеріне және халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы, сонымен бірге неке және отбасы туралы заңдарға түзету енгізуді қарастырады. Қылмыстық кодекске енгізілетін түзетулер бойынша кәмелетке толмағандарды зорлау мен оларға жыныстық сипаттағы зорлық әрекетін жасағандардың жазасы ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жолымен қатаңдатылады. Статистика бойынша соңғы бес жылда елімізде 4 740 бала зорлық-зомбылық құрбаны болған.

Кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық қылмыс жасауға қылмыстық жауапкершілік күшейтіледі. Бұл ата-ананың, өгей әкенің, өгей шешенің, педагогтар мен қамқоршылардың тарапынан кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған зорлыққа қатысты болады. Бұл баптар бойынша 12-ден 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде жаза қарастырылады. Кішкентай балаларды зорлау қылмысы үшін жаза күшейтіледі, — деп хабарлады Сенат өкілдері.

Бұл заң жобасы осы баптармен сотталғандардың педагогтық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге қатысты лауазымдарды иеленуіне өмір бойы тыйым салуды да қарастырады.

Заң жобасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу міндетін орындамаудан келеңсіз салдарға себеп болған жағдайлармен байланысты заңбұзушылықтар туралы норманы қосады, бұл жазаның қайтымсыздығы қағидасының іске асырылуына мүмкіндік береді. Екіншіден, білім беру, денсаулық сақтау немесе халықты әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің кәмелетке толмағандардың немесе соларға қатысты қылмыстық немесе әкімшілік құқықбұзушылық белгілері бар әрекет пен әрекетсіздік жасау деректерін құқық қорғау органдарына хабарламағаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіліп отыр, — деді Мәжіліс депутаты Светлана Бычкова.

Заң жобасы Президент Әкімшілігіне жіберіледі, Мемлекет басшысы қол қойғаннан кейін күшіне енеді.

ДереккөзTengrinews.kz