Денис Тен ісі: сотталушының босануы және тараптардың шағымы

Алматы сотының сот алқасы Денис Тен өлімі бойынша сотталғандар мен жәбірленуші тараптың апелляциялық шағымдарын қарауды бастады.

Бұл іс бойынша Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясов кінәлі деп танылып, әрқайсына 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілген еді. Істің үшінші фигуранты Жанар Толыбаева қылмысты хабарламағаны үшін кінәлі деп танылып, төрт жылға бас бостандығынан айырылды.

Тengrinews.kz тілшісінің хабарлауынша, процесте Жанар Толыбаеваның адвокаты Амангелді Сариев соттан іс материалдарына қорғауындағы адамның босанғаны туралы анықтаманы қосуды сұрады. Жанар Толыбаеваның 2019 жылдың 6 наурызы күні колонияда ұл туғаны белгілі болды.

Zakon.kz тілшісінің хабарлауынша, сот отырысының басында жәбірленуші тарап екі өтініш берді. Біріншісі — сотталғандарға ҚР Қылмыстық кодексінің «Алдын ала сөз байласқан адамдар тобы болып кісі өлтіру бабы» бойынша жаңа айып тағу үшін жеке өндіріс ашып, істі қайта тергеуге жіберу мақсатында прокурорға іс материалдарын жолдау туралы. Екіншісі — бірінші инстанция сотындағы процесте жауап алынбаған, бірақ тергеу үшін айғағы өте маңызды адамдарды куәгер ретінде сотқа шақыру туралы. Жәбірленуші тарап Нұралы Қиясовтың ағасын сотқа шақыруды талап етіп отыр, ол бірінші процесс кезінде ағасына қарсы айғақ беруден бас тартқан. Денис Теннің анасы Садуев есімді азаматты да сотқа шақыруды сұрады, оның айтуынша, іс материалдарында сотталған Арман Құдайбергеновтің осы адамнан 5 мың доллар талап еткені туралы мәлімет бар. Жәбірленуші тараптың пікірінше, бірінші инстанция шығарған шешім істің шынайы жайттарына сәйкес келмейді.

Еске салайық, бұған дейін Денис Тен ісі бойынша сотталушылардың да, жәбірленуші тараптың да сот үкіміне шағым түсіргені хабарланған еді.

Денис Тен ісі бойынша сотталушыларға 17 қаңтар күні сот үкімімен жаза кесілген еді. Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясов кінәлі деп танылып, оларға қауіпсіздігі жоғары мекемеде 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Жанар Толыбаева да кінәлі деп танылып, оған 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді.

Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен 2018 жылдың 19 шілдесінде Алматыда қаза тапты. Тергеудің мәліметінше, спортшы автокөлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның әрекетінің үстінен түскен. Көліктен айнаны Арман Құдайбергенов ағытқан, Денис Тен оны қуып жетіп төбелесе бастағанда Нұралы Қиясов спортшыға екі рет пышақ салады. Жанар Толыбаева бұл кезде автокөліктен 7 метр жерде тұрған. Денис Тен ауруханада қайтыс болды.