Басты бетАлматыда көпбалалыларға...

Алматыда көпбалалыларға арналған 2%-дық ипотеканы қалай алуға болады?

Алматы әкімдігі 11-15 наурыз аралығында қаланың тұрғын үй қорынан баспана алу кезегінде тұрған көпбалалы отбасылардан «Бақытты отбасы» бюджеттік несиелендіру бағдарламасына қатысуға өтініш қабылдайды. Бұл туралы «Алматыны дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жанна Асанова Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

Өтініштер мен тиісті құжаттарды «Бақытты отбасы» бағдарламасының www.baqytty-otbasy.kz порталында тапсыру қажет. Баспана «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы беріледі. Еске сала кетейік, Президенттің тапсырмасы бойынша баспанаға мұқтаж көпбалалы отбасылар бұл бағдарламамен жылдық 2%-бен тұрғын үй заемын ала алады.

«Бақытты отбасы» бюджеттік несиелендіру шарттары:

  • бағдарламаға көпбалалы отбасылар санатына жататын, Алматының коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегінде тұрған азаматтар қатыса алады;
  • Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде қарыз сомасы 15 миллион теңгеге дейін;
  • Бастапқы жарна көлемі — пәтер құнының 10%-ы;
  • Баспана бастапқы нарықтан — жаңадан салынған тұрғын үй кешендерінен беріледі, пәтерді азаматтардың өзі таңдай алады;
  • Сатып алынатын пәтер құнына шектеу қойылмайды.

Талап етілетін құжаттар:

  1. 2008 жылға дейін туған балалардың туу туралы куәліктерінің сканерленген нұсқасы;
  2. 2008 жылға дейін тіркелген неке туралы куәліктің сканерленген нұсқасы;
  3. Ерлі-зайыптының бірі қайтыс болған жағдайда оның өлімі туралы куәліктің сканерленген нұсқасы;
  4. Азамат некеде тұрмаған болса, ол туралы нотариус куәландырған өтініштің сканерленген нұсқасы.

Бағдарламаның порталына электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы тіркелу қажет.