Халықаралық S&P рейтинг агенттігі Қазақстанның кредит рейтингін растады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі растады.
2019 жылғы 8 наурызда S&P халықаралық рейтинг агенттігі тәуелсіз кредит рейтингін ВВВ деңгейінде «Тұрақты» болжамымен растады. Қазақстанның рейтингін қолдайтын негізгі фактор — мемлекеттің мықты балансы, сонымен бірге 2022 жылға дейінгі сарапшылардың болжамындағы сыртқы қарыздан асатын өтімді активтер, — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Министрліктің мәліметінше, сарапшылар 2019-2022 жылдары экономикалық белсенділіктің орташа есеппен 3% деңгейінде өсуін болжап отыр. Бұл мемлекеттік бағдарламаларға және өндіруші саланың өсуіне байланысты.
Сонымен бірге S&P сарапшыларының болжамы бойынша жаңа Салық кодексінің арқасында мемлекеттік кіріс біртіндеп артады. Салық кодексі теңгерімсіздікті азайтып, салық базасының ұлғаюына және қазынаның шоғырлануына ықпал ете отырып, ерекше жағдайлар мен артықшылықтарды оңтайландыру арқылы кірістерді молайтады.
Бұған қоса, теңгенің тұрақтандырылуы және Қазақстанның Ұлттық банкі өткізген түрлі шараның нәтижесінде экономиканы долларсыздандыру жалғастырылады.
«Тұрақты» болжамы S&P болжамын айқындайды: алдағы екі жылда мемлекеттік және сыртқы баланстар тұрақты болады.