Ақордада әйелдермен кездескен Нұрсұлтан Назарбаев басшылықта не себепті көбіне ер адам болатынын айтты. Оның айтуынша, бұған ер адамдардың өздеріне деген сенімсіздігі себеп.
Өйткені орнына әйел адам келсе, ол жақсы жұмыс істейтінін біледі. Сондықтан орнын босатпауға тырысады. Бәсекелестікте ер адам ұтылады. Қанша табысқа жетсеңіздер де, отбасыларыңызбен, туыстарыңызбен, жақындарыңызбен біргесіздер. Сонымен бірге әрқашан әдемі көрініп, айналаға жарық беріп жүресіздер, — деді Президент.
Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, Қазақстан Парламентінің төменгі палатасындағы депутаттардың 30%-ы әйелдер, ал әлем бойынша бұл көрсеткіш — 24%.
Мұндай теңдестірілген гендерлік ілгерілету — Қазақстанның ХХІ ғасырдағы тұрақты, прогрессив дамуының кепілі. Біз мұны жалғастырамыз, себебі азаматтарымыздың жалпы құрамының 52%-ы әйелдер. Бұл потенциалды пайдаланбау дұрыс емес, бұл бағытта жылжу өте маңызды, — деді Қазақстан Президенті.
Ол Қазақстанда өмір сапасын арттыруға әйелдердің талғам, махаббат, мінсіздік, көркемдік, жайлылық сияқты туабітті қасиеттерінсіз қол жеткізу мүмкін емес екенін айтты.